ЖАМБЫЛДА КӘСІПОДАҚТЫҢ КӨШПЕЛІ СЕМИНАРЛАРЫ ӨТТІ
Жамбыл облысының жергілікті білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес 2022 жылдың 18-23 сәуір аралығында Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарының білім бөлімдері мен кәсіподақ филиалдарының негізінде білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, қаржы-экономикалық қызмет мамандары, бастауыш кәсіподақ жетекшілерінің қатысуымен еңбек және салалық заңнамадағы өзгерістерді, 2021-2023 жылдарға қабылданған әлеуметтік әріптестік актілері және оларға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды насихаттау, тәжірибеде қолдану сұрақтарын талқылау бойынша кеңейтілген семинарлар өтті.
«Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында аудандарда ұйымдастырылған «Еңбек және салалық заңнаманы, Әлеуметтік әріптестік актілерін тиімді қолдану тетіктері» тақырыбындағы көшпелі семинардың алғашқы сағатында Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысушыларға салалық кәсіподақ ұйымының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында кеңінен әңгімеледі. Күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелерді де айналып өтпей, педагог емес санаттағы қызметкерлердің жалақысын өсіру, зейнетке шыққан ұстаздарға оқу жылының соңына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беру, мамандығына сәйкес емес лауазым бойынша жылдар бойы жұмыс атқарып, біліктілік санаттарына ие болған ұстаздарға сол санаттарын сақтап қалуға мүмкіндік беретін нормалардың барлығы да әлеуметтік әріптестік арқылы шешімін тауып отырғандығына тоқталды.
Өз сөзінде Ерұлан Мағзымбеков сала өкілі-кәсіподақ мүшесін 3 топқа бөліп: педагог, педагог емес және басшы ретінде кәсіподақ мүшелігінде болғандағы тиімді және тиімсіз тұстарын атап көрсетті және білім мекемесінде кәсіподақ ұйымы болуының ұтымды жақтарына тоқталды. Сөз кезегінде кәсіподақ жарнасының жиналуы мен бастауыш ұйымға қайтуы, мәдени-көпшілік, спорттық шаралар мен сауықтыру, кәсіподақтық оқыту, қайырымдылық және материалдық көмек ретінде кәсіподақ қаражатының жұмсалуы туралы түсіндірді.
Мұнан кейін сөз алған Кәсіподақтың құқықтық қызметінің басшысы Берік Баймағамбетов еңбек және салалық заңдылықтардағы өзгерістерге, облыстық білім басқармасымен бірге 2021-2023 жылдарға арналып қабылданған әлеуметтік әріптестік актісіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға тоқталды. Ұжымдық шарттар мен Келісімге енген өзгерістерді саладағы түйткілдерді шешу мақсатында тиімді пайдалану, тәжірибеде қолдану сұрақтарын түсіндірді.
Жиын барысында құқықтық қызмет басшысы ҚР Білім және ғылым министрінің 21.09.2012 жылғы №57 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енген өзгерістер туралы да айтты.
- Бұйрықтың 89-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос немесе уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады және шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, барлық бос және уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді. Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос және уақытша бос лауазымына өткізіледі. Бос лауазымдар болған жағдайда әрбір педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы тиіс, - деді Берік Әбенұлы.
Жиын барысында Еңбек кодексі мен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына енген өзгерістер туралы да ақпарат берілді. Сондай-ақ, педагог қызметкерлерді аттестаттау тәртібі мен ережелерінің түйіткілді мәселелері және оларды шешу жолдары айтылды.
Күннің екінші жартысында «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссиясының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті. Cеминарға аудандағы білім мекемелері мен ұйымдарында құрылған Келісу комиссиясының мүшелері қатысты. Семинарда негізгі дәріс оқыған Кәсіподақтың құқықтық және кадр қызметінің бас маманы Әлия Джолшибекова «Келісу комиссиясын құру мен комиссияның жұмыс тәртібі. Комиссияның іс-құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» туралы айтты.
Семинар барысында Келісу комиссиясының тұрақты қызмет атқаратын орган екені, яғни, ол жеке бір дауды шешу үшін емес, ұйым қызметінде туындауы мүмкін барлық жеке еңбек дауларын шешу үшін құрылады және бір дауды шешумен оның қызметі тоқтап қалмайтыны да айтылды. Сонымен бірге Келісу комиссиясына түсетін арыздарды қабылдау тәртібі, оларды қарау мерзімі, комиссия мүшесіне дәлелді наразылық білдіру тәртібі туралы ақпарат беріліп, сотқа жүгінуге болатын жағдайлар туралы да айтылды.
- Қызметкерге тәртіптік жаза шарасын қолдану туралы дауды шешу кезінде комиссия заңсыз салынған немесе теріс қылықтың қатаңдығына сәйкес келмейтін жазаны жоя алады, бірақ комиссия бір жазаны екінші жазалау шарасымен алмастыра алмайды, өйткені ҚР ЕК 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза шараларын таңдау құқығы жұмыс берушіге тиесілі. Қызметкер еңбек дауы жөніндегі комиссияның шығарған шешімімен келіспеген жағдайда, еңбек дауын шешу туралы арызымен сотқа жүгіне алады. Сотқа сондай-ақ екінші тарап Келісу комиссиясының шешімін орындамаған жағдайда да жүгінуге болады, - деді Әлия Игенбайқызы.
Семинар барысында «Жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі» тақырыбында практикум ұйымдастырылып, тыңдаушылардың қатысуымен рөлдік ойындар ойнатылды. Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Кәсіподақтың аудандағы күндері аясында барлық Филиалдарда сала қызметкерлерін жеке сұрақтар бойынша қабылдау өтті. Сала қызметкерлерінің басым бөлігін жалақы, аттестация, ротация, қосымша ақы төлеу сынды еңбек қатынастарының өзекті мәселелері аясындағы сұрақтар толғандырған.
Сонымен бірге, облыстық ұйымның мамандары кәсіподақ филиалдарының қызметі мен іс-құжаттарын жүргізу жұмыстарын зерделеп, әдістемелік көмек көрсетті.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-