ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – ТАБЫСТЫ ЕҢБЕКТІҢ КЕПІЛІ
Ағымдағы жылдың 17-19 сәуір аралығында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жылдық жоспарына сәйкес, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Нұр – Сұлтан қаласы мен Ақмола облыстық ұйымы тәжірибе алмасу мақсатында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымына жұмыс сапарымен келді.
Делегация бағдарлама бойынша 18 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі ғимаратында өткізілген «Әлеуметтік әріптестік – табысты еңбектің кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының мүшелік ұйымдары арасында тәжірибе алмасу және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті дамыту.
Шараға Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Орал қалалық және аудандық кәсіподақ комитеті – филиалдарының жетекшілері, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының Әлеуметтік әріптестік туралы комиссиясының Салалық Кеңес мүшелері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының HR – менеджері Ғалия Айкумбаева және БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова, БҚО «Өрлеу» біліктілікті арттыру филиалының директоры, облыстық кәсіподақтың Әлеуметтік әріптестік туралы комиссиясының Салалық Кеңес мүшесі Софья Салахиденқызы, Жоғарғы аграрлық – техникалық колледжінің директоры, облыстық кәсіподақтың Әлеуметтік әріптестік туралы комиссиясының Салалық Кеңес мүшесі – Серік Мұханбетқалиев, БҚО білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы – Өтебай Құспанов, Бөрлі аудандық кәсіподақ саласының ардагері Сәуле Жандалиева және БҚО салалық кәсіподақ төрағалары атаулы шараның қонағы ретінде арнайы шақырылды.
Атаулы шараны Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев – білім саласында әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту кәсіподақтың маңызды бағыттарының бірі екеніне тоқталып, әлеуметтік әріптестікті нығайту жолында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірге педагог қызметкерлердің әлеуметтік – экономикалық мәселелерінің оңтайлы шешімдерін табуда көптеген істер атқарылып жатқанын атап өтті. «Осы бағытта кәсіподақ арасында Салалық келісім шарт негізінде әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты құжатқа қол қойылып, ол әр үш жыл сайын жаңа мерзімге жасақталып, біздің әлеуметтік әріптестік негізінде Өңірлік келісімдердің жүзеге асуына негіз болып отыр» - деді М.Даупаев. Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова және БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева құттықтау сөз сөйлеп, Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтармен тығыз қарым – қатынас орнатылып, кейбір мәселелерді бірлесіп шешуде оң нәтижелерге қол жеткізілгенін ерекше атап өтіп, облыс көлемінде бірлесіп атқарылған бірқатар іс – шараларға тоқталды.
Күн тәртібіне бекітілген баяндамалар тыңдалып, тақырып аясында жұмыс берушілер мен кәсіподақ белсенділері қызу пікір алмасты.
Шара соңында Ғалия Айкумбаева Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның атынан кәсіподақ белсенділерін «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттап, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваға, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темирхановаға, БҚО «Өрлеу» біліктілікті арттыру филиалының директоры Софья Ізмұханбетоваға, Жоғарғы аграрлық – техникалық колледжінің директоры Серік Мұханбеткалиевке әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлестері үшін «Алғыс хат» пен гүл шоқтарын табыстады.
Делегация бағдарлама бойынша «Атамекен» театрында және «Қадыр Мырза Әлі» кешенінде болып, Орал қалалық № 42 «Ақниет» гимназиясының кәсіподақ жұмысымен танысып, жыл бойы түрлі байқаулардан орын алған кәсіподақ мүшелерінің концертін тамашалады.
Солтүстік өңірден келген қонақтар келесі күні «Одақтар үйі» ғимаратында орналасқан Батыс Қазақстан білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы және Орал қалалық кәсіподақ комитеті – филиалының жұмыс барысымен танысып, тәжірибе алмасты.
Оқу – ағарту жұмысында мұражайлардың алатын орны ерекше. Осы орайда, кәсіподақ белсенділері облыстық «Өлкетану» мұражайы мен Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың мұражайында естеліктерден рухани әсер алып, Жайық жағалауында таза ауамен тыныстап, Орал қаласының табиғи әсем саябақтарын аралады.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-