МАТЕМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ
2022 жылдың 12 сәуір күні Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру мектебінің базасында математика пәні мұғалімдерінің «Математикалық білім берудің бүгіні мен болашағы» тақырыбында облыстық форум өткізілді. Форум 2022 жылдың 17 ақпан күні Қарағанды қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезінде көтерілген мәселелер мен жаңалықтарды, Білім және ғылым министрінің жаңа тапсырмаларын өңіріміздің математика пәні мұғалімдеріне түсіндіру, тәжірибемен бөлісу үшін ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты: математика мамандығының мәртебесі мен беделін көтеру, педагогика саласындағы шығармашыл ұстаздарға қолдау көрсету. Шараға «ZERDELI» ақыл-ойды дамыту мектебінің негізін қалаушы, бас директор – Ырысбек Мәуіт, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, М.Жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжі мамандары, «НЗМ» ДББҰ, Білім-инновация лицейі, облыстың білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтары, ардагер ұстаздар, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Форумның ағашқы бөлімі секциялық отырыстармен бастау алды. Әр секциялық отырысқа 50-ден аса математика пәні мұғалімі қатысты.
Бірінші секциялық отырыста:
Строева Ирина Ивановна – Ақтау қаласы №23 ЖББМ;
Қаджаева Ұлжан Бейсенбайқызы - «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ»; Әжібаева Шолпан Аманжолқызы – ІТ мектеп-лицейі;
Натиев Әділет Айтбайұлы - «Достық» білім беру орталығының директордың орынбасары – орта мектепте математиканы оқыту мазмұны, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды атесттау мәселелері, 9,11 сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау, мұғалімнің өзін-өзі дайындауы, мемлекеттік жалпыға білім беру стандартында математикалық білім беруде білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар, ҰБТ өзгешеліктері, оқушыларды математикалық сауаттылық пәні бойынша дайындаудың әдістерімен бөлісті.
Екінші секциялық отырыста:
Атамұратова Роза Жолдыбайқызы, Омар Шаяхмет Марданұлы – облыстық «Дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты»;
Ауданов Мақсет – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ;
Қожахмет Қалила Айтжанұлы – Жаңаөзен қаласы, Дарын мектеп-лицейі;
Ишбатров Өсер Абылбайұлы – Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейі – оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру, дарынды оқушымен жұмыс, мұғалімнің өзін-өзі кәсіби дайындауы, математика олимпиадасындағы мәселелер және ауыл балаларының мүмкіндіктерін көтеру, олимпиада материалдарының мазмұны тақырыбында баяндады.
Үшінші секциялық отырыста:
Нұрмұхамбетова Клара Хайырлықызы – М.Жырау Сеңгірбайұлы атындағы гуманитарлық колледжі директорының орынбасары;
Ақтілеков ов Абай Аманбергенұлы – Мұнайлы ауданы №6 ЖББМ;
Диханова Жүзім Сыдыққызы – Ақтау қаласы, ІТ лицей;
Өтебаева Сабира Тоқсейітқызы – Ақтау қаласы №1 ЖББМ – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында математика пәні мұғалімдерін дайындауда мектептермен ынтымақтастық, «Математикалық прогрессия» олимпиадасы, әдістемелік көмектің ұйымдастырылуы, математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығының жұмысы, біліктілік арттыру курстарының тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Форум түстен кейін пленарлық отырыспен жалғасын тапты. Отырыстың алғы сөзі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Мамаеваға беріліп, облыстың білім сапасының жай-күйін дамытудың алдағы міндеттері, оларды шешу жолдары туралы айтып өтті. «ZERDELI» ақыл-ойды дамыту орталығының директоры Ы.Мәуіт «математика пәні бойынша білім берудегі мәселелер мен ұсыныстары» тақырыбында өз баяндамасын оқыды. Ақтау қаласы №23 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Строева Ирина 2022 жылдың 17 ақпан күні Қарағанды қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезіндегі Білім және ғылым министрінің тапсырмаларын айта келіп, математикалық білім берудегі мұғалімге қойылатын нақты міндеттерге тоқталды. Ақтау қаласындағы Білім-инновация лицейі директорының орынбасары, математика пәні мұғалімі Жаппар Қуаныш – «Жетістікке жету – ұзақ әрі тоқтаусыз үдеріс» тақырыбында Білім-инновация лицейінде білім алушыларды олимпиадаларға дайындау тәжірибесімен бөліссе, Ақщұқыр мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Ишбатыров Өсердің мұғалімдік мамандыққа келу жолдары, ізденісі туралы мұғалімдерге арналған үлкен мотивациялық баяндамасымен форум өз жалғасын тапты.
Шара барысында орта мектептерде математиканы оқыту мазмұны мен әдістемесі, атап айтқанда: үлгілік оқу жоспарлары, үлгілік оқу бағдарламалары, оқулықтар және білім алушыларды олимпиадаға дайындау, пән қауымдастығының жұмысын біріздендіру, мұғалімердің біліктілігін арттыру бойынша мәселелер көтеріліп, ұстаздардың көкейтесті сұрақтарына жауап берілді. Математика пәні сабақтарын оқытудағы жаңа көзқарас пен түйткілді мәселелерді анықтау, шешу жолдары қарастырылып, ой қозғалды. Мұғалімдер аталған мәселелерге өз идеяларын ұсынып, бірлікте жұмыс істеуге жаңа жоспарлар құрды. Форум соңында Ы.Мәуіт шеберлік сағатын өткізіп, математикалық сауаттылық есептері мен олимпиада есептерін шығарудың оңай жолдарын көрсетті.
Сондай-ақ, форум кезінде 2022 жылғы «Математикалық регата» республикалық байқауында І орын иеленген 4 жеңімпазға Маңғыстау облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы атынан демалыс орындарына жолдамалар табысталды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ