КӨКСУ, ҚАРАТАЛ АУДАНДАРЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жағдайымен танысу мақсатында «Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мэлс Төлепбергенов Көксу ауданына барды.
Осыған орай, аудан орталығында орналасқан Қ. Жалаири атындағы орта мектептің кітапханасында жиын өтті. Оған облыс кәсіподақ ұйымының төрағасынан бөлек, төраға орынбасары Болат Тұрысбеков, заңгер –кеңесшісі Әсет Қайырхан және Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Кузбаев және мектеп директорлары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Шара барысында облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кәсіподақтың негізгі бағыттарын тізбектеп, ұстаздардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау жолында жасалып жатқан жұмыстарды таныстырды. Қоғамдық бірлестік педагогтардың бос уақытын тиімді пайдалануда ауқымды шаралар ұйымдастырылғанын, белсенділік танытқан ұстаздарға ынталандыру жұмыстары жанданғанын жеткізді. Кәсіподақ жанынан құрылған педагогикалық еңбек ардагерлер Кеңесі, жастар Кеңесі, әйелдер істері жөніндегі Комиссияның жұмысын айтты. Сонымен қатар, Көксу аудандық филиалдың атқарған жұмысын жоғары бағалап, төрағасы Дина Нүсіповаға алғысын білдірді.
Облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан кезекті сөз кезегін алып, сала қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу, еңбек демалысына шығу, медициналық тексеруден өткізу сынды өзекті мәселелерге анықтама берді.
Жиынға қатысушыларда мекемелерде жасалған жұмыстарды баяндап, еңбек ұжымында туындаған сұрақтарды көпшілікпен бөлісті. Тәжірбие алмасып, әріптестік қарым-қатынасты орнатты. Туындаған сұрақтарға Әсет Қайырхан Қазақстан Республикасының Заңдарына, нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп, толық жауап берді.
Шараны аудандық филиалдың төрағасы Дина Шаяхметқызы қорытындылап, білім саласындағы оң өзгерістерді айтып өтті. Ұстаздар қауымының ұсыныстары ескеріліп, бірқатар тың идеялар жүзеге асырылғанын жеткізді. Аталған жиын алдағы уақытта да жиі өткізілетінін айтты.
Осындай маңызды жиын Қаратал ауданында жалғасын тапты. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын қамтыған жиынға облыстық ұйымның төрағасы орынбасары Болат Тұрысбеков пен заңгер –кеңесшісі Әсет Қайырхан арнайы қатысты.
Алқалы отырыста Қаратал аудандық филиалының төрағасы Берік Абақов қонақтарды таныстырып, аудандық деңгейдегі шараларға тоқталып, жиынның мақсатын нақтылады.
Облыстық ұйымның төраға орынбасары Болат Кәметұлы атқарылған жұмыстарды сараптап, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғауда, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар тың идеялармен бөлісті.
Ал, облыстық ұйымның заңгер – кеңесшісі Әсет Қайырхан педагогтарды медициналық тексеруден және аттестациядан өткізу, ұжымдық шартта көрсетілген қосымша демалыстар туралы толық ақпарат беріп, жұмыс барысында жиі туындайтын мәселелерді айтып өтті.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары тарапынан ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ұстаздарға төленетін коммуналдық төлемдер туралы, зейнеткерлік жасына жеткен ұстаздарды аттестациядан өткізу, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру және марапаттау, кіші қызметкерлердің жалақысы сынды сұрақтар қойылып, толық жауап берілді.
Шара барысында қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен Рысты Дюсенбинова, Галина Пак, Рыскүл Есботанова, Рима Бейсембаева облыстық ұйымның Құрмет грамотасы және аудандық кәсіподақ филиалының бағалы сыйлығымен марапатталды.
Жиын соңында 90 жастағы кәсіподақ ардагері Тұрлыхан Дөненбай бата беріп, барша сала қызметкерлеріне жақсылық тіледі.
Алматы облыстық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағының баспасөз қызметі