КЕҢЕЙТІЛГЕН КОМИТЕТ ОТЫРЫСЫ ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ
Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы, облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Гүлнар Есқалиеваның қатысуымен өткен кеңейтілген комитет отырысы Қазалы ауданында жалғасты.
Гүлнар Есқалиева жиынды ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына тоқталып, Президенттің жүйелі және кең ауқымды реформаларын толығымен қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар өз сөзінде: “Мемлекет Басшысы өз Жолдауының Сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту, Құқық қорғау институттарын күшейту, Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту тармақтарында Президенттік ұсыныстары мен перзенттік ұстанымдарын ортаға салып, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады.
Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің еңсесін көтерумен қатар рухына да дем берді. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру деп аталатын тарауда көптің көкейіндегі сауалдар мен өтініштер шешімін тапты. Орталығы Семей қаласы болатын Абай облысының құрылуы Тәуелсіздік жылдарындағы Шығыс қазақстандықтардың аңсаған арманына айналған еді. Сонымен қатар, экономикалық және рухани шешім ретінде орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын құруды жариялаған Президент сан мыңдаған халықтың шөлін қандырған қадамға жол бастады. Қасым-Жомарт Кемелұлы авторы болып табылатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылайша жүзеге асырылып, жалпыұлттық бірліктің арқасында жаңарған Қазақстан құрылатынын терең түсінуіміз қажет-ақ. «Азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген Президенттің айналасы теп-тегіс, жұмыр келген тілегі жүрекке жылы тигенін де айта кету керек”, - деді.
Бұдан соң күн тәртібіне сәйкес төраға орынбасары Нүргүл Утегенова «Кәсіподақ қызметінің имиджін көтеру» тақырыбымен жалғастырып, бастауыш кәсіподақ төрағаларымен практикалық жұмыс жүргізді. Қоғамдық қызметке қатысты арнайы әзірленген сауалнама толтырып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Ұйым заңгері Хамит Тарбақов "Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің қолданылуы туралы, Еңбек шарты" тақырыбында дәріс оқып, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша жан - жақты түсіндірме жүргізіп, сұрақтарға жауаптар берді.
Әрі қарай Қазалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбіш Роман 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы келісім шартардың орындалу барысындағы кәсіподақ комитетінің қызмет ету тиімділігін одан әрі арттыру туралы және 2021 жылға жасалған жұмыс жоспарындағы іс-шаралардың орындалу барысы жайында ақпарат берді.
Жиында қаралған тағы бір өзекті мәселенің бірі – кәсіподақ оқуларының жоспары нақтыланды. Сала қызметкерлері үшін 2022 жылға арналған сауықтыру шаралары және Қазақстан Республика Кәсіподақтар Федерациясының жариялауымен биылғы жыл «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялануына сәйкес арнайы шаралар жүргізілетіні жайында айтылды.
Бүгін жұмысшы топ жоспар бойынша аудан орталығы мен шеткі аймақтардағы білім беру ұйымдарын аралап, қоғамдық қабылдау жұмыстарын жалғастырды. Қабылдау барысы қызу талқыланған түрлі деңгейдегі сұрақтардан тұрды.Әсіресе, қызметкерлеріміздің басты уәжі біліктілік деңгейін арттыру аттестациясынан 25 жылға еңбек өтілі толған ұстаздарымызды тестілеуден босатып, екінші кезең арқылы жүзеге асырылса деп білдірілді. Сонымен қатар сынып жетекшілердің және мектеп директоры тәрбие орынбасарларының түнгі рейдке шығуы, арнайы күнделікті ішкі істер органдарында келген уақыттарымен тіркелетіндігі қынжылтты. Алдағы уақытта барлық ұсыныстар мен сауалдар бойынша қолданыстағы заң шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, нәтижесі хабарланатын болады.
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті