ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында өңір ұстаздарын марапаттады. «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі шара аясында білім саласында қажырлы еңбегімен еленген 100-ден астам мұғалімге білім кәсіподағы және облыстық білім басқармасының бірлескен алғыс хаты табысталып, емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама берілді. Педагогтар көктемгі каникул кезінде «Сосновый бор», «Денсаулық» шипажайларында тынығып, денсаулықтарын нығайтып қайтпақ.
Салтанатты шараға қатысушыларды Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Бүгінгі біздің салтанатты басқосуымыз өте ауқымды бастамаларды қамтыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Жолдауымен тұспа-тұс түсіп отыр. Президент еліміздің саяси жүйесі, әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты көптеген өзгерістер енгізіп, халықтың көкейінде жүрген сан сауалдың жауабын берді. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланатынын айтқан ол, біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру екенін айқын аңғартты. Президент сөзіне құлақ түретін болсақ, өзгерісті әр әдам өзінен бастауы тиіс. Демек, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы-өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеп отырған педагогтерге де зор жауапкершілік жүктейді. Елімізді жаңғыртуға, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге, Жаңа Қазақстанды құруға жұмыла ат салысайық!
Жыл басы Наурызды бірлігі бекем, аспаны ашық, бейбіт елде қарсы алу бақыты бұйырды бізге. Ұлыстың ұлы күні елімізге ырыс пен ынтымақ әкелсін! Бірлігіміз бекем, ауызбіршілігіміз мол болып, тіршілік жаңаратын Наурызда ниет еткен барша тілектеріңіз қабыл болсын. Әрбір шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Жыл жемісті болсын, ұстаздар!»,- деді ол.
Болашақтың жарқын айнасы-жастар. Кәсіподақ қашан да ел ертеңі, ұлт үмітін арқалаған жастарды қолдайды. Осы мақсатта мерекелік кеште білім саласында табысты еңбек етіп жүрген жас мамандарға да марапат тапсырылды. Білім беру ісіндегі жоғары жетістігі, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін бір топ педагог облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақтың бірлескен алғыс хатымен марапатталып, шипажай сертификатына ие болды.
Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Мұхамбетдин Ордабаевтың омырауында «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі жарқырады. Мерекеде аудандық білім бөлімдерінде қызмет етіп жүрген есепшілердің де еңбегі еленіп, бір топ қаржы маманына Алғыс хат пен сыйақы табысталды.
Шараға қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Жеміс Скакова педагогтерді Наурыз мерекесімен құттықтап, әлеуметтік әріптестік аясында әлі де талай игі істердің атқарылатынына сенім білдірді.
Салтанатты шара А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенттері және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінінің "Ел мұра" тобының музыкалық сәлемдемесіне ұласты. Жас өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.