АТЫРАУДА ЖАЛАҚЫ ДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кеше Атырау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұхановтың төрағалығымен өткен басқосуда алдымен аймақтағы еңбек қатынастарының жағдайы туралы мәселеге орай өндірістік компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен жауапты лауазым иелерінің әлеуметтік шиеленіс картасы, жалақыдан берешектері жөнінде хабараламалары тыңдалды.
Сондай-ақ, комиссия мәжілісінде өңірдің білім беру саласындағы еңбек заңнамасында, келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгіленген талаптардың сақталуы туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова баяндады. Өткен жылдың мамыр айында үшжақты комиссия мәжілісінде білім саласында туындайтын еңбек мәселелерін уақтылы қарау, нақты шешімдерді қабылдау үшін облыстық салалық комиссияны құруға ұсыныс берілген-ді. Желтоқсан айында осы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков хаттамалық тапсырма да берді. Кәсіподақпен салалық комиссияның ережесін де дайындады. Алайда, өткен 10 айдан бері басқармаға кәсіподақ тарапынан бірнеше хат жолдана тұрса да комиссия әлі құрылған жоқ.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы биылғы екі айда кәсіподақ бірлестігіне шағымданған 189 ұстаздың жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, сала қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің бірқатар баптары бойынша талаптар әлі күнге орындалмай келеді. Мәселен, педагогтердің жүктемесі, сауықтыруға қатысты жәрдемақы, каникул кезінде еңбекақы төлеу жөніндегі мәселелер шешімін таппаған. Басқарма жанындағы аттестациялық комиссиясы құрамына облыстық салалық кәсіподақтың өкілдері енгізілмеген.
Осы жағдайларды баяндаған Қылышбай Сүндетұлы былай деді: «Салалық келісімнің 6.15 тармағына сәйкес Тараптар келесі қызметкерлерге ақылы еңбек демалыстарына 3 күн қосуды келіскен болатын. Атап айтқанда, медициналық қызметкерлер, кітапханашылар, аудандық, қалалық (мектеп) әдістемелік бірлестіктерінің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктерінің басшылары және бас бухгалтерлер мен бухгалтерлер. Өткен оқу жылында аталған қызметкерлерге тиісті қосымша күндері берілмеді, сондықтан республикалық деңгейде жасақталған Келісім орындалмай отыр».
\
Кәсіподақ жетекшісі біліктілігі жоқ техникалық қызметкерлерді ынталандыру мақсатында демалысқа шыққанда бір айлық жалақы көлемінде сауықтыру қаражатын төлеуді қарастырып, ұжымдық шартқа енгізуді, Еңбек Кодексіне сәйкес, білім беру саласындағы есепшілер, зертханашылар, медбикелер, кітапханашылардың лауазымдық айлық ақыларын 25 пайызға көтеру үшін жергілікті өкілді органның шешімін шығаруды ұсынды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ