БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАР – БАСТЫ КҮШ
Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының қызметі мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. Бұл туралы Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мүшелік ұйым өкілдерімен ZOOM форматында өткен кездесу-кеңесте айтты. Жиынға жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған кәсіподақ ұйымдарының күре тамыры саналатын бастауыш ұйым жетекшілері, кәсіподақ аппаратының қызметкерлері мен құқықтық инспекторлар қатысып, салада қандай мәселе бар, оларды шешу мақсатында нендей шаруалар атқарылуда, қай мәселе бастауыш ұйымдарға жетпей жатыр, еңбек заңнамасында орын алған өзгерістер, педагогтар мен педагог емес сала қызметкерлерінің мәселелерін кәсіподақтық тұрғыда қалай шешуге болады деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіді.
Алғашқы болып сөз алған Айгүл Мұқашева кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау бойынша салалық ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, қоғамда жиі кездесетін «Кәсіподақтар не істеп жатыр?» деген сауалды қоймас бұрын әр кәсіподақ мүшесі өзінің қай кәсіподаққа мүше екендігін айырып алу қажеттігін айтты.
- Бүгінде елімізде Кәсіподақтар федерациясынан бөлек 2 кәсіподақтар бірлестігі жұмыс істейді. Ал Түркістан облысында тек білім саласында ғана 13, Шымкентте 11, ал Алматы облысында 2 білім кәсіподағы бар. Әрқайсысының мақсаты да, қызметі де әр түрлі. Солардың әрекетсіздігі салдарынан біздің кәсіподағымыз көп жағдайда жаман атты болып жатады, - деді Айгүл Мақсатқызы.
«Ал біздің Салалық кәсіподақтың қызметі, оның ішінде құқық қорғау жұмысы жаңа деңгейге көтерілді, оның бір дәлелі - кәсіподақ мүшелерінің 27 мыңға артқаны. Сонымен бірге, ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен аппараттық жиналыста министр Асхат Аймағамбетовтың тарапынан әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақтардың көмегімен көп мәселе шешіліп жатқандығын айтқаны қызметімізге серпін берері сөзсіз. Осы әлеуметтік әріптестік аясында Жамбыл облысы республикада алғашқы болып салада қызмет істейтін медбикелердің, кітапханашылар мен есеп мамандарының жалақысын арттыруға қол жеткізді. Жамбылдық кәсіподақтар сауықтыру, материалдық көмек көрсету бойынша да көшбасшы облыстардың қатарында. Республика бойынша өткен жылы кәсіподақтар 1 млрд. 405 млн. теңге қаражатты ұстаздардың қалтасына қайтарған болса, оның 233 миллионы әулиеаталық кәсіподақтардың еншісінде. Осы қаражат төңірегінде көп мәселе туындамауы үшін жыл сайын кәсіподақтардың республикалық ұйымынан бастап бастауыш ұйымға дейін қаржылық есеп беруді күн тәртібіне қою керек» деп сөзін аяқтады Айгүл Мұқашева.
Бұдан соң Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төраға орынбасары Виктор Беженаров салалық келісімдерді, ұжымдық шарттарды жасасу арқылы әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру, сол арқылы еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, сауықтыру мәселелері туралы айта келе бұл туралы қоғамда ақпараттың өте аз екендігін алға тартты.
- Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіподаққа заңмен берілген құзыреттер негізінде өз мүшелеріміздің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бізде келісімдер мен ұжымдық шарттар жасалған, заңгерлер бар. Олар әр аймақта ауқымды жұмыстар істеп жатыр. Бірақ, сол жасаған жұмысымызды көрсете алмаудамыз. Сәйкесінше, бізге сұрақ та көп. Бастауыш ұйымдар осы мәселені күн тәртібінен түсірмеуі тиіс. Кемшіліктеріміз де жоқ емес, алайда жасалып жатқан жұмысымыз бар, - деді Виктор Федорович.
Сондай-ақ, білім мекемелерінің жеке меншікке берілуі салдарынан сала қызметкерлерінің көптеген құқықтардан айырылуы, кәсіподақтан шығу көріністерінің белең алуы, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының толыққанды жұмыс істемеуі, келісімдер мен ұжымдық шарттардың кей тармақтарының орындалмай қалуы сынды мәселелердің бар екендігіне тоқталып, оларды бірге шешуге шақырды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстық ұйымның алдында жеке меншік нысандағы кәсіптік-техникалық білім беру, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ашылған бала-бақша, мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарын кәсіподақ қатарына қамту жұмысы тұрғанын айтты. Ондағы педагогтар мен қызметкерлердің мәселелері былтыр 5 отырысы өткен Әлеуметтік әріптестік комиссиясының, 2 отырысы өткен Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі облыстық Келісу комссиясында қаралып, шешімін тапқан.
- Құқықтық қызмет құрылғалы инспекция тарапынан 4500-ден аса зерделеу, оның барысында 17 165 заң бұзушылық анықталған. Сотқа 67 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты 109 талап арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда 108 сала қызметкеріне өкілеттік жасалды. 141 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналасты немесе жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеді. Прокуратура, мемлекеттік еңбек инпекциясы, әкімдіктер мен мәслихаттар, білім бөлімдері сынды мемлекеттік органдарға сала өкілдерінің мәселелері мен түйткілдері бойынша 331 ұсыныс, хаттар мен материалдар жолданды. Жергілікті кәсіподақ мүшелігіндегі ұйым қызметкерлері-кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде 2015 жылдан бері 1 млрд 648 млн. тг. қаржы қайтарылды, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы берген мәліметке сәйкес 2021 жылы жергілікті кәсіподақ пен оның филиалдары тарапынан білім және ғылым саласы қызметкерлерінің 867 жазбаша, 10 137 ауызша өтініштеріне жауап беріліп, оларға құқықтық сипаттағы 10 157 қызмет-кеңес көрсетілген. Қашықтықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында 80 млн.теңгеге 457 бірлік электрондық құрал алынған. 72 млн.теңгеге азық-түлік және тұрмыстық-гигиеналық заттар алынған. 2020-2021 ж.ж. барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 6225 сала өкілі мен олардың отбасы мүшесі қамтылып, оған 227.3 млн.тг. кәсіподақ қаржысы бағытталған. Үздік білім мекемелері мен ұстаздарды марапаттау тәжірибесі енгізілген 6 жылда 24 білім мекемесі мен ұйымы, 112 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 35 млн.тг ынталандыру сыйақысы табысталған.
- Кәсіподақ үшін бүгінгі маңызды мәселенің бірі, тіпті ең маңыздысы ол – педагог емес мамандардың жалақысы. Бір еңбек ұжымында жұмыс істейтін екі қызметкердің жалақысындағы табыс айырмашылық кей жағдайда тіпті 10-15 есені құрайды. Бұл экономикалық олқылық. Біз бұл мәселені мүмкін болған барлық мінбеде айтып жүрміз. Былтырғы Жолдауында Президенттің осы мәселені көтеруінің өзі де кәсіподақтардың даусының естілгені болса керек, - деп ой қорытты Ерұлан Сәбенұлы.
Төрағаның сөзін жалғай түскен жергілікті кәсіподақтың бас инспекторы Берік Баймағамбетов жүздеген, тіпті мыңдаған кәсіподақ мүшесі қоғамдық ұйымның қорғауында болып, шапағатын сезінгенін білмей де қалатын мысалдар көп екенін жеткізді. Сонымен бірге, еңбек заңдылығына енген өзгерістер, атап айтқанда педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудағы сынақ, жұмыс берушілерді конкурспен қабылдау ережесіне енген өзгерістер, педагогтарды аттестаттау ережесіндегі өзгерістерді ескере отырып 2021-2023 жылдарға арналған білім саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы облыстық екіжақты келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Жиын соңы сұрақ-жауап сағатына ұласып, бастауыш кәсіподақ ұйымдары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының баспасөз қызметі