ҰСТАЗДАР – МӘРТЕБЕ ТҰҒЫРЫНДА
Гүл көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық әйелдер күніне орай Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев нәзік жанды әріптестерін қабылдады.
Бүгінгі таңда 20 мыңнан аса білім саласы қызметкерін бір арнаның басына тоғыстырған аймақтық кәсіподаққа 14723-і әйел мүшелік етеді. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жанынан құрылған еңбек етуші әйелдердің ісі бойынша комиссиясы отбасы, ошақ қасының тірлігімен шектеліп қана қалмай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген ұстаздар қауымының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, әл-ауқатын жақсарту жолында ілкімді істер атқарып жүргенін тілге тиек еткен төраға еселі еңбегімен дараланғандарға құрмет көрсетіп, кеудесіне медаль тақты. Марапат төрінен табылған мамандық майталмандарының көшін бастаған Лариса Белова "Еңбек ардагері" атанды. Сәтбаев қалалық кәсіподақ филиалының төрайымы Гүлнәр Ілиясова бастап келген ұлағатты ұстаздар Ольга Рябова, Эвелина Шпара мен саналы ғұмырын мектеп жасына дейінгі мекемеде тәрбие ісіне арнаған Ғалия Әбішеваға «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі жараса кетті. Кәсіптік білім беруде әдіс-тәжірибесі мол Айткүл Әлібаева мен Нұргүл Құлмағанбетованың да ұзақ жылғы ізденісі лайықты бағасын алды. Шәкірттерінің шығармашылық пен ойлау дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлетін Гүлмира Қыстаубаеваның да есімі абыроймен аталды.
Ізгі тілектермен ыстық ықыласқа бөленген білім мен тәрбиенің бастауындағы әріптестеріміз өздеріне көрсетілген қошеметке дән риза болып, ағынан жарылды.
"Марат Сейілбекұлы төрағалық ететін аймақтық кәсіподақ алғыс арқалауға лайық десем артық айтқандық емес. Білім саласында жүрген қырық жылдың ішінде түрлі сұрақпен Сіздердің есіктеріңізді қаға келдім. Сонда бір келгеніме өкінбеппін. Қай мәселемнің болсын оң шешімін тапқанға дейін жанымнан табылып, қолдағандарыңыз үшін рахметтен басқа айтарым жоқ", - деп тебіренген "Ақбота" бөбекжайының әдіскері Ғалия Әбілқызының жүрегінен шыққан алғысы өзгенің де көкейінде сайрап тұрғанын көздерінен ұққандай болдық.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсәптік одағының баспасөз қызметі