АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗДАР СЫЙ-ҚҰРМЕТКЕ КЕНЕЛДІ
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – көктемнің күнін көрікті ететін әсем мерекелердің бірі. Өйткені бұл күні ардақты аналарға, аяулы аруларға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ерекше болары анық. Әйел-өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Бүгінде нәзік жандылар ерлермен иық тіресе еңбек етіп, кез-келген кәсіптің тұтқасын ұстап отыр. Білім саласында жемісті жұмыс істеп жүрген педагогтер де аз емес. Отбасының берекесін кіргізіп, ұлт болашағын оқытып, тәрбиелеуге үлес қосып отырған ұлағатты ұстаздар мереке қарсаңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының сый-құрметіне ие болды.
Мерекелік шараның шымылдығы салалық кәсіподақ төрайымының құттықтау сөзімен ашылды. Раушан Серікқызы ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, олардың білім саласын дамыту жолындағы еңбектерін жоғары бағалады.
««Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» дейді халық даналығы. Осы бір ауыз сөз әйелдің тек үйдегі ғана емес, қоғамдағы да маңызды миссиясын айшықтап тұрғандай. Бүгінгі таңда қыз-келіншектер барлық салада, білім мен медицина, ғылым мен өнер, билік пен бизнес әлемінде биік белестерді бағындырып жүр. Әсіресе, білім саласында нәзік жандылардың үлесі көп. Облыс бойынша 33 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі болса, соның 24 мыңнан астамы әйелдер. Аймақ ұстаздары өз балаларын ғана емес, еліміздің кемел-келешегі жас ұрпақты тәрбиелеу жолында еңбекқорлығымен, жауаптылығымен және кәсібилігімен ерекшеленеді»,- деді Р.Серікқызы.
Салтанатты жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен кәсіподақ мүшелері облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және сыйақы сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі Жиеналина Инкар Суйеумағанбетовнаға «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айырықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен шипажайға жолдама табыс етілді.