ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Тақтан түскісі жоқ қыстың ызғары бетті қарып, денені мұздатса да Халықаралық әйелдер мерекесінің лебі наурыздың алғашқы күнінен-ақ есіп, жүректерді жылулыққа толтырады. Гүл-көктемнің жайдарман жылылығы әйел-ананың мейірімімен астасатын осы бір мерейлі мерекеде «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсәптік одағы» ҚБ-нің Сәтбаев қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ филиалының төрайымы Гүлнәр Жұмабекқызы «Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады» атты көңілді кеш өткізді.
Ардақты ардагерлерді төрге оздырған кештің тізгінін ұстаған кеншілер қаласының бас педагогы Берік Ақышбеков бастаған білім саласында еңбек етіп жүрген ер-азаматтар бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербеген нәзік жандыларға деген құрметін жылы сөзбен, әуезді әнімен, күмбірлеген күйімен жеткізді.
Құшақтарды гүлге толтырып, езуіне күлкі үйрілткен кездесудің шымылдығын өз құттықтауымен ашқан Гүлнәр Ілиясова ұстаз-аналарға деген ыстық лебізін білдіріп, бір-бір шаңырақтың киесіне айналған данагөйлерге ұзақ ғұмыр тіледі.
Ақ дастарқан басына жайғасып, қошемет пен ықыласқа кенелген үлкендер де құр алақан қалмады. «Батамен ел көгереді» демекші, ұстаздықтың ұлы жолын жалғаған ізбасарларына алғыстарын жаудырып, өмірден түйгендерімен бөлісті.
Соңғы екі жылдан бері індеттің қыспағынан арқаны кеңге салып, үзеңгілестерімен, шәкірттерімен емін-еркін кездесе алмаған білім саласының ардагерлері кәсіподақтың мерекелік дидарласуынан ұмытылмастай әсер алғанын байқадық. Олардың жүздерін бал-бұл жайнату - біз үшін бір ғанибет!!!
Мереке құтты болсын, АРДАҚТЫ АРДАГЕРЛЕР!
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі