АҒА ҰРПАҚҚА АЛҒАУСЫЗ ҚҰРМЕТ
Көктемгі жаңару айының алғашқы күні елімізде «Алғыс айту күні» аталып өтіледі. Атаулы мереке аясында үлкенге алғыс білдіріп, құрмет көрсету аға ұрпақ ардагер ұстаздардан басталды.
Нақтырақ айтқанда, Қызылорда облыстық білім басқармасымен бірлесіп, білім саласы ардагерлер кеңесінің заманауи үлгідегі кабинетінің ашылуына ықпал жасалды. Кабинетте арнайы білім саласы ардагерлерінің еңбек жолы тарихынан фотокөрме мен құрмет бұрышы әзірленді. Басты мақсат – ардагерлер бас қосып, өзара ақылдасып, ұсынысын, зерделі ойын айтатын орталыққа айналдыру. Мейірімділікке толы аға ұрпақ тәжірибесін, олардың ғибратты ғұмырларының өмірлік бейнесін жастарға ұғындыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғап, тәлім тәрбиенің озық үлгісін беру.
Кабинет қала орталығында орналасқан М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінен ашылды. Шараға аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысып, ұстаз-ардагерлермен кездесті. Ілтипатын білдіріп, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Бұл ретте, атқарып жатқан жұмысымызды жіті бағамдап, ат басын тіреп, мәртебелі қарттарымызға құрмет көрсеткені үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға алғысымызды білдіреміз. Келешекте аталған білім ошағында ұйымдастырылатын басқосулар арқылы білім беру мен тәрбие жұмысында оң өзгерістер боларына сеніміміз мол.
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы