Вера ЗАИКА: «РИЗАМЫН САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!»
«Өткенді білу – өскеннің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеннің белгісі» екенін ескерсек, 2015 жылы күнтізбеге Алғыс айту күнін енгізудің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Тарихтың тереңіне бойлап, оны жас толқынның зердесіне жеткізу мақсатында Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының желілік кестесіне сәйкес Қаражал қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Марина Жакупованың бастамасымен «Ризамын саған, туған ел!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
№3 жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларын қамтыған кездесудің басты қонағы ретінде еңбек ардагері Вера Заика шақырылды. Сексеннің сеңгіріне шықса-дағы сүйікті ісінен алыстағысы жоқ Вера Яковлевна өмірін ұстаздыққа арнаған. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы қызметіне дейін жеткен оның кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі айрықша.
Қаражал қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподағына төрағалық еткен әріптесіміздің әке-шешесі зұлматты жылдары Ақмола облысына жер аударылған. Солақай саясаттың құрбаны болған миллиондаған халықты өзегінен теппей, бауырына басқан қазақ халқының жанашырлығын сезінгенін тілге тиек еткен кездесудің кейіпкері: «Өзге этнос өкілі болсақ та жанымыз, жүрегіміз қазақ халқымен бірге. Бір үйдің баласындай болып кеткенбіз. Қазақ ұлтымен жасасып келе жатқаныма міне 80 жылдың жүзі болмақ. Татулық, бірлік – жасампаздық өркен жайған Отанымызда жайсыздықтарға жол жоқ. Қанша жыл бірге тұрсақ та арамызда өкпе-реніш орын алған емес. Қазақ елінің жомарттығы, кеңдігі бізді ғана емес, әлем жұртшылығын да мойындатып отырғаны тарихи шындық. Бейбіт аспанымыздың күні жоғарыдан жарқырай берсін. Қазақстан халқы жасасын!», - деп 130-дан астам ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған Қазақстанның бірлігін бекемдеу мен ұлтаралық келісімді нығайту әр азаматтың парызы екеніне назар аудартып, қиын-қыстау кезеңде бір үзім нанымен бөліскен қазақ халқына деген алғысын жеткізді.
Шәкірттерін достыққа үндеп, бір-бірін құрметтеуге, Отанын сүюге шақырған кездесудің соңында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ирина Марченко өмір жолынан сыр шерткен ұлағатты ұстазға ризашылығын білдірді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-