АУЫЛ МҰҒАЛІМІНІҢ ЖАҒДАЙЫ - НАЗАРДА!
"Қалың қалай, ауыл мұғалімі" жобасы аясында Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бас мамандары Дархан Жакыпбекулы мен Медет Ерназаров қалалық кәсіподақ филиалының төрайымы Ляззат Кунедиловамен бірлесе Талап ауылындағы #14 мектепке ат басын бұрды.
Бүгінде ауыл ұстаздарының зор қолдауына ие кәсіподақ өкілдеріне білім ордасын аралатып, әріптестері мен шәкірттердің жетістіктерін паш еткен білікті басшы Қалдеш Тулеубаев ұжымда жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптасқанын жеткізді. Ауыл мектебінде педагогтердің алаңсыз жұмыс жасауы мен кәсіби тұрғыдан өсуіне қолайлы жағдай жасалған. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына да мүмкіндіктер мол.
Күні кеше ғана ауылға тартылған көгілдір отын арқылы мектепті жылыту мәселесі бір-екі жылдың мұғдарында шешімін таппақ. Бүгінде қазандық арқылы жылытылып отырған мектеп қазандығының жұмысын көрген Медет Ерназаров техникалық инспектор Марат Әубәкіровке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныс білдірді. Қауіпсіздік ережесін сақтауға қатысты ескертулер көп күттірмей орындалатынын жеткізген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рақым Қуатовқа кәсіподақ жұмысын жүйелі ұйымдастыру үшін әдістемелік нұсқаулықтар тапсырылды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен жіті танысып, әдістемелік көмек көрсетуді мақсат еткен кездесуде кәсіподақ мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Ауыл мектебінің бәрі осындай болса тілегіміз бар. Қырық жылдан астам тарихы бар Талап мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ұжымның тыңғылықты істері көпке үлгі боларлық.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-