ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
Алғашында біздің қоғам жатырқаған үштілдік идеясы бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында сәтті жүзеге асырылуда. Тіл білу - заман талабы, бүгінгі күннің қажеттілігі екенін ұғынған баланың қазір тіл үйренуге деген құлшынысы оянса, ата-ананың бала үлгерімін бақылауы күшейді. Осы ретте ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне қойылар талап жоғары, жүктелген міндет зор. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде маңызды миссияны арқалаған ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің ізденісі мен біліктіліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Жезқазған қалалық филиалының төрайымы Ляззат Күнеділова қалалық білім бөлімімен бірлесе «ЕҢ ҮЗДІК САБАҚ» байқауын өткізді.
Оқушыларын сапалы білімге, еңбексүйгіштікке баули отырып, оқыту үрдісінде жаңа технологияларды қолдану арқылы шығармашылықпен жұмыс істейтін ағылшын тілі пәнінің ұстаздары байқау тапсырмаларынан сүрінбей өтті.
Оқыту мен тәрбие барысында жаңа әдіс тәсілдерді ұтымды пайдалануы, оқушылардың білім деңгейін, қабілетін саралай білуі, баланың жеке тұлғалық дамуына дұрыс бағыт-бағдар беруі сыналған бәйгенің қорытындысы бойынша Бас жүлдені №13 орта мектептің мұғалімі Алма Баймұханова жеңіп алды. Жүлделі І орын №10 орта мектептің педагогы Жанар Өтеубаеваның жүлделі ІІ орын №1 және 5 орта мектептің мұғалімдері Эльмира Сауғабекова мен Жанерке Бұхарованың еншісінде. Үздіктер үштігін Қаныш Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлдана Таңатар, №11орта мектептің мұғалімі Айғаным Искакова мен №24 орта мектептің мұғалімі Луиза Сахибгареева түйіндеді.
Жүлдегерлерді ақшалай сертификатпен марапаттаған ұйымдастырушылар "ЕҢ ҮЗДІК САБАҚ" байқауының өзге қатысушыларын белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен еледі.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-