БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ
Қазіргі таңда әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Сондықтан, көшке ілесу үшін бүгінгі қоғам бізден ізденісті, біліктілікті арттыруды талап етіп отыр. Осы орайда кәсіподақ қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тізгінін ұстағандарға арналып оқыту семинары ұйымдастырылды.
"Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы" ҚБ-нің Сәтбаев қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гульнар Ильясова жүзгізген кездесу барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп, алдағы жоспарлар таныстырылды. Биыл ІІІ тоқсанның демалысында спартакиада өткізіп, Халықаралық әйелдер күні аясында ардагер ұстаздарды ұлықтауды межелеген Гүлнәр Жұмабекқызы кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мақсатында "Арман", "Сарыағаш", "Жаңақорған", "Кеңгір", "Мойылды", "Көктем", "Щучинск" шипажайларымен келісім-шарт жасалғанын жеткізді. Аталған келісім негізінде кәсіподақ мүшелері үш жылда бір рет 40% жеңілдікпен шипажайға бара алады. Жолдама алудың тәртібін әр кәсіподақ мүшесіне жеткізуді қадап тапсырған төрайым бастауыш кәсіподақ ұйымына жаңадан сайланғандарды жұмыс барысымен таныстырды. Атап айтқанда, ұжымдық шартта көрсетілген міндеттемелердің уақытылы орындалысына, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуына қоғамдық бақылау жүргізуді жүзеге асырудың жолдары нұсқалып, ұжымда жағымды психологиялық-әлеуметтік ахуал қалыптастыру мен еңбек дауларының алдын алу бағытында жұмыс күн тәртібінен түспеуі қажет деп ескерткен төрайым кәсіподақ мүшелерінің арыздары мен шағымдары, тілек-өтініштеріне дер кезінде жауап беруді жүктеді. Сонымен бірге, қазір ұстаздар арасында өзекті болып отырған аттестаттаудан өтудің заңдылықтарын да жіті түсіндіру керектігі айтылған жиында білім саласы қызметкерлерін ынталандыру бойынша да бірқатар ұсыныстар берілді.
Техникалық қызметкерлердің де құқығы мен мүддесі назардан тыс қалдырмау ескертілді.
Жиын соңында бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрайымдарының сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
-
Фотографии
-