КӘСІПОДАҚ – ӘДІЛДІКТІҢ ЖАРШЫСЫ
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсітік одағының аппараты Ұлытау ауданындағы әріптестерімен «Zoom» форматында байланысқа шығып, «Еңбек адамына лайықты өмір» тақырыбында семинар-кеңес өткізді.
Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне орайластырылған жиынның алғы сөзін алған Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қанат Жылқыбаев ауыл ұстаздарының бүгінгі ахуалын таныстырып, кәсіподақ ұйымының алдағы жоспарымен бөлісті. Кәсіподақ жұмысына араласқанына ұзақ уақыт болмаса да, төраға бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен әріптестік байланысты орната білгені байқалды. Сонымен бірге, ол әлеуметтік әріптестік аясында көптен бері шешілмей келе жатқан тегін медициналық тексеруден өту мәселесін бір жақты еткені қуантады. Биылдан бастап білім саласы қызметкерлерінің медициналық тексеруіне аудан бюджетінен қаржы бөлінбек. Бұл қуанышты хабардан құлағдар болған ұстаздардың ризашылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар өз сөзінде кәсіподақтың жергілікті атқарушы билікпен диалог орнатуы нәтижесінде мұғалімдерге жылына бір мәрте отын-суға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленетінін тілге тиек етіп, медициналық тексеруден тегін өту де оларға үлкен қолдау екенін жасырмады.
Келесі сөз кезегін алған Жезқазған аймақтық кәсіподағының заңгері Дархан Жақыпбекұлы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында атқарылған ауқымды жұмыстар хақында аз-кем ақпарат берсе, Медет Ерназаров білім мен тәрбие беру нысандарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен еңбекті қорғау бағытында сақталуы тиіс талаптарды еске салды. Сонымен бірге, шипажайға жеңілдікпен жолдама беру мен түрлі деңгейдегі марапатқа ұсыну тәртібі де егжей-тегжейлі түсіндірілді. Айта өту керек, ұлытаулық әріптестеріміздің басым көпшілігі кәсіподақтың сауықтыру бағдарламасына қатыса бермейді. Мұны ауылдық жердің жаз уақытында күнделікті тіршілігінің көбеюімен байланыстыруға болады. Осы ретте, кәсіподақтың бас бухгалтері Сәмет Досетова:
–Бірінші байлық денсаулық болғандықтан, кәсіподақ Сіздерге жеңілдігі бар жолдама ұсынады. Сіздер денсаулықтарыңызды нығайтып, түрлі аурулардың алдын алып отырсаңыздар еңбекке араласуларыңыз да қарқынды болмақ. Сіздерге еліміздің болашағын тәрбиелеп, білім беру міндеті жүктелген. Бұл миссияны орындау біліммен қатар, сіздерден қажыр мен қайратты талап етеді. Сондықтан, жылына бір мәрте денсаулықтарыңызға мән берсеңіздер деймін, – деп ұстаздарға ой салды.
Семинар-кеңестің соңында ұлытаулық әріптестеріміз өздерін толғандырған сұрақтарға тұщымды жауап алып, қазіргі таңда біздің елде жасына, жынысына, тілі мен діліне қарамастан барлық жағынан теңдік берілген деген ортақ пікірге келді. Сондай-ақ, әділеттілікті іске асыру принциптерін қолдайтындарын білдірді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсітік одағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-