АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ
Биыл кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл. Осыған орай Түркістанда «Ел – ерімен мақтанар» атты кездесу өтті. Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қалыптастырып, батырлық қасиеттерді сіңіру, сұрапыл жылдарда от кешкен майдангер батырлардың ерлік жолын насихаттау мақсатында өткізілген кездесуге ардагерлер, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы және Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Жолаев Рақымбек Қуатбекұлы қатысты.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Қуатбекұлы майданда ерлік көрсеткен ардагерлерге алғыс білдіріп, жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс екендігін атап өтті. Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы: «Арамызда жүрген ардагерлермен жиі кездесулер ұйымдастырып, аға ұрпақ өкілдерінің ерліктері дәріптеліп тұрса, жастардың әскерге бармауы, әскерден қашуы сияқты келеңсіздіктер орын алмас еді», - деді.
1979-1989 жылдар арасында Ауған соғысына Түркістан облысынан 1227 азамат барып, ауған қасіретін көзбен көрген.
Кездесу барысында Ауған соғысына қатысқан ардагерлер облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагерлер көрсетілген құрметке ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді.