СЕМИНАР ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ АРНАЛДЫ
2022 жылғы 4 ақпан күні «Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбарам Әуезханқызы Наурызбаева Баянауыл ауданының білім беру ұйымдарының басшыларымен және кәсіподақ активімен кездесіп, жаңа нормативтік — құқықтық актілердің нормаларын қолдану мәселелері бойынша (on-line режимінде) семинар өткізді.
Гүлбарам Әуезханқызы өз сөзінде сала қызметкерлерінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін ерекше атап өтті. Соңғы айларда мемлекетте мұғалімдердің қызметіне қатысты қолданыстағы заңнамалық актілерге көптеген өзгерістер мен түзетулер қабылданып, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларымен таныстыру қажет деп атап өтті.
Жаңашылдықтарды түсіндіру және оларды жұмыста практикалық қолдану үшін семинар тренерлері ретінде Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шиндлярская Гулсина Шайдуллаевна, Павлодар облысы білім беру басқармасының білім беруді дамытудың инновациялық орталығының басшысы Аушахманова Бакытгуль Төлегенқызы шақырылды. Г.Ш. Шиндлярская мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында лауазымдарды атқаратын педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы өзге де азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу заңдылықтарын түсіндірді.
Қоғамдық бірлестіктің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы, семинар тренері Джаркенова Гульшат Оралқызы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау кезінде еңбек қатынастарын ресімдеудің негізгі қағидаттарын түсіндірді.
Педагог қызметкерлерге ауқымды, өзекті ақпараттар берілді
А.Нығметова,
Баянауыл аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Павлодар облысы