ҰСТАЗДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Ұйымның мүшелік базасын нығайту кәсіподақ қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Осы ретте, «Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі сала қызметкерлерін қатарына тарту мақсатын ұстанып, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыруға күш салды. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Іле аудандарында филиалдар ашылып, кәсіподақ ұйымы біршама мүшемен толықты.
Кәсіподақтың жұмысын насихаттау, білім саласы қызметкерлеріне құқықтық кеңес беруді облыстық ұйым қолға алып, жаңадан ашылған филиалдардың ұстаздарымен кездесу ұйымдастыруда.
Бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған кездесуге Ұйғыр ауданының ұстаздары қатысты. Шараны Алматы облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізіп, атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның ішінде әлеуметтік әріптестікке ерекше тоқталып, ұжымдық шарттың еңбек ұжымындағы рөлін айтты. Сонымен қатар, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұстаздардың мәртебісін арттыруға бағыттаған бастамаларына тоқталды.
Ал, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева ҚР «Кәсіподақтар туралы», «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарға сүйеніп жұмыс жүргізетінін жеткізіп, педагогтарға жүктеме бөлу, біліктілік санатына өту, кітапханашылардың жалақысы, кіші қызметкерлердің жұмыс уақыты сынды мәселелерге тоқталды.
Білім беру мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берді. Онлайн кездесуге қатысқан сала қызметкерлері өзара пікір алмасып, ойларымен бөлісті.
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі
жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі