АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ КӘСІПОДАҒЫ ЕСЕП БЕРДІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкеткерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікқызы және салалық кәсіподақ мамандары есеп берді. Жиын өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты ZOOM платформасында онлайн форматта өтті. Шараға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының активі, білім басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік орталығының өкілдері, аудандық кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, бастауыш кәсіподақ төрағалары мен әлеуметтік әріптестер, барлығы 150-ге тарта адам қатысты.
Раушан Серікқызының мәліметінше, бүгінде өңірде 12 аудандық, 1 қалалық және 596 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 33 мыңға жуық педагог мүше. Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбектік құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
«Білім кәсіподағы жыл бойы білім беру ұйымдарындғы еңбек қатынастарын реттеп, педагогтардың мүддесін жан-жақты қорғады. Соның айғағы, 2020-2021 оқу жылында әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізінде кәсіподақ ықпалымен ұстаздарға тиесілі қомақты қаражат қайтарылып берілді. Есепті кезеңде экономикалық тиімділік көрсеткіші 161 млн теңгеден асып жығылды. Бұл дегеніміз, мектеп директорлары және олардың орынбасарларына қосымша сағаттары үшін емдеу-сауықтыру ақысын төлеу, мұғалімдердің факультатив жұмыстарына категория бойынша еңбекақы төлеу, алғашқы даярлық пәні мұғалімдеріне үстемақы төлеу тағы басқа »,- деді салалық кәсіподақ төрайымы.
Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарындағы өз мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстайды. Өткен жылы бұл бағытта ауқымды жұмыстар жасалды. Қәсіподақ ұйымының құқықтық жұмыстары туралы бас маман, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман Н.Жетпісбай баяндама жасады. Осы жылы кәсіподақ көмегіне 250-ге тарта педагог жүгінген. Кәсіподақ мүшелерінің арыз-қтініштері заң шеңберінде оң шешімін тапты дейді мамандар. 1800 адамға құқықтық кеңес беріліп, 4 адам сот шешімімен қызметіне қайта оралды. Кәсіподақ заңгерлері 12 заңсыз жұмыстан шығару фактісінің алдын алды. Кәсіподақтың құрылымдық бөлімшелерінде 596 өндірістік кеңес құрылған. Былтыр салада 24 құқықбұзушылық анықталып, дер кезінде жойылды.
Үздік ұстаздарды ынталандыру мақсатында Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау» шарасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның аясында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік және кәсіби мерекелер, білім беру ұйымдарының мерейтойлары қарсаңында сала майталмандары ескерусіз қалмайды. Үздік мамандарға құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақылар табысталады.
Есеп беру жиынында осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы кәсіподақ ұйымының бас маманы А.Серімбетов ақпарат берді. Былтыр үздік педагогтар ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төсбелгілерімен наградталды.
Білім кәсіподағы жалынды жастарды қолдайды. Педагогика саласына аяқ басып, үздік нәтижелерімен дараланған жас мамандар былтыр Ақтау қаласына сапар шегіп, қарт Каспийдің жағасында демалып келді. Кәсіподақ қолдауымен облыс мұғалімдері арасында «Онлайн білім беру жағдайындағы ұстаздар шеберлігі» атты ағы облыстық кейс чемпионаты, «Үздік математика пәні мұғалімі-2021» облыстық шығармашылық конкурсы, ІІ Мұғалімдер спартакиадасы, «Қазақтың текті келіні» сайысы, «Ұстаз Барысы» турнирі т.с.с көптеген іс-шара ұйымдастырылды.
Былтыр облыс педагогтары, республикалық жарыстарда топ жарып, өңіріміздің намысын асқақтатты. ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған «30 Еңбек Елшісі» жобасында №1 Мәртөк жалпы білім беретін орта мектебі директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Мұстафин Бауыржан Жұмабайұлы үздіктердің қатарынан көрінді.
Сонымен қатар, №2 Мәртөк мектеп-гимназиясы Республикалық «Кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнебаян» конкурсында жүлделі екінші орынға ие болды.
Әйтеке би ауданы, Қ.Шаңғытбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының "Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы" республикалық байқау-конкурсының облыстық кезеңінде бас жүлдеге ие болып, киелі Түркістан төрінде өткен ақтық сында III орын жеңіп алды.
Сондай-ақ, ақтөбелік педагогтар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында тоғызқұмалақ және шахматтан өткен республикалық турнирден олжалы оралды.Облыс ұстаздары ой ұшқырлығын көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Азамат Қайдаров I орынға ие болса, әйелдер арасынан Мұғалжар ауданы, №1 Ембі орта мектебінің мұғалімі Гүлзат Бақтарбаева қарсыластарын шаң қаптырып, үздіктердің көшін бастады.
Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау- кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Облыстық кәсіподақ әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2019 жылы 713 мұғалім, 2020 жылы пандемияға байланысты 174 ғана ұстаз, 2021 жылы 1441 педагог кәсіподақ есебінен шипажайларда демалды. Кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Серікова ұстаздарды емдеу-сауықтыру шараларымен қамту биыл да кең көлемде жалғасатыны туралы мәлімдеді.
Есеп беру жиынында ақпараттық жұмыс мәселесі де сөз болды. 2021 жылы салалық кәсіподақтың әлеуметтік желідегі парақшаларында облыста, аудандарда өткен іс-шаралар, жиындар мен байқаулар, тексеру комиссиялары мен қоғамдық бақылау жұмыстарының нәтижесі туралы 500-ге тарта ақпарат жарияланған. Сонымен қатар тұрақты түрде өңірдің үздік ұстаздары туралы «Өз ісінің шебері», тағылымы мол ұстаз мамандығын атадан балаға мирас етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған «Ұлағатты ұстаздар әулеті», саладағы жалынды жастар жөнінде «Жас келсе, іске» рубрикалары жарыққа шықты.Сонымен қатар ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік құрдастары» айдарымен білім саласында еңбек етіп жүрген педагогтардың жұмысы үлгі етілді. Бастауыш кәсіподақ жылына орай «Біздің бастауыш кәсіподақ», «Кәсіподақ көшбасшысы» атты жаңа айдарлар қосылды.
Жиын соңында облыстық білім басқармасының басшысы Н.Біртілеуова және облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Д. Джаманбаева сөз алып, педагогтардың құқығын жан-жақты қорғап, қамқорлық көрсетіп отырған кәсіподақ ұйымының жұмысын жоғары бағалады.