«ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ЖҰМЫСШЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ»
Осындай тақырыпта Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыстық вебинар өткізілді.
Шараға облыстағы барлық арнаулы орта білім беретін мекемелердің педагогтары қатысты.
Жиынды Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ТжКБ басшысы Шынар Исаханова жүргізіп, колледждердегі орын алған өзгерістерді жан-жақты таныстырды. Білімгерлердің біліктілігін арттыру жолындағы жұмыстарды ретімен түсіндірді. Шараның мақсатын айқындап, оқытушылардың маңызды құжаттарда көзделген құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы жайында сөз етті.
«Алматы облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Болат Тұрысбеков сөз алып, білім ордаларында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында алтын көпірге айналған кәсіподақтың атқарған жұмысын баяндады. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруына, кәсіби мүдделері қорғалуына ықпал етілгенін, уақытында құқықтық, материалдық, қайырымдылық көмек көрсетілгенін жеткізді. Кәсіподақ тарапынан жылда кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының жазғы уақытта сауықтырылуына көңіл бөлінгенін айтып, еңбек заңдылығының сақталуына, ұжымдық шарттар мен келісімдердің орындалуына, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жасалынған ұжымдық шарттың маңыздылығы жайында айтып, ұстаздардың ұсынысы ескерілгенін жеткізді.
Ал, облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан қызметкерлер арасында жеке және ұжымдық даулардың туындауы, оның шешілу жолдары жайында жан-жақты түсінік берді. Облыстық ұйымға ұстаздар тарапынан түскен арыз-шағымдардың мағынасы мен мәніне зер салып, туындаған сұрақтар бойынша құқықтық кеңестер берілгенін жеткізді. Бұл бағытта әлеуметтік желілерде нақты ақпараттар берілетінін айтып, көпшілікті бірге жұмыс істеуге шақырды.
Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің аға шебері Гүлнұр Өтепбергенова колледж түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету мәселесіндегі әлеуметтік серіктестіктердің рөлі туралы айтып берді.
Шара соңында ұстаздар тарыпынан қойылған барлық сұрақтарға кәсіподақ өкілдері жауап берді.
«Алматы облысық білім, ғылым және
бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің
жергілікті кәсіподағы» қоғамдық
бірлестігінің баспасөз қызметі