ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы облыстық ұйымның Атқару комитетінің ағымдағы жылдың алғашқы мәжілісін өткізді. Кәсіподақ үйінде өткен келелі кеңеске санитарлық талаптарды сақтай отырып Тараз қалалық және аудандық кәсіподақ Филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілері, құқықтық еңбек инспекторлары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Отырысқа Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков төрағалық етті.
Кәсіподақ төрағасы Атқару комитетінің назарына 2021 жылғы қызмет қорытындыларын ұсынып, қол жеткен нәтижелер мен жұмыс бағыттарында кемшін болған тұстарға тоқталды. Мұнан соң комитет мүшелері облыстық ұйымның 2022 жылға жұмыс жоспарын нақтылап, бекітті. Жоспарда ҚР кәсіподақтар федерациясының шешімімен «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында сала өкілдерінің еңбек қатынастарын реттеумен байланысты Келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғап, лайықты жалақы алуға, семинарлар мен форумдар өткізу арқылы құқықтық білімдерін жетілдіре түсуге бағытталған іс-шараларға басымдық берілді.
Жиында Жергілікті кәсіподақтың жұмыс жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде 2021-2023 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік актілеріне енгізілетін өзгертулер мен толықтырулардың жобасы талқыланды. Еңбек заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қажеттігі туындап, облыстық Келісімге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасымен төраға орынбасары-құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов таныстырып, көпшіліктің талқысына салды.
Бұдан соң Кәсіподақтың құқықтық қызметінің заңгерлері Әлия Джолшибекова және Мәулен Әбдіровтың кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау бағытында атқарған жұмыстары қаралды. Заңгер Әлия Джолшибекова 2021 жылы білім басқармасына бағынысты білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша барлығы 15 тексеру жүргізіп, еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 33 жағдайын анықтаған. Көрсетілген құқықтық қызметтер саны - 1474. 2021 жылы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың нақты төленгені мөлшері – 35 138 999 теңгені құраған. Ал Кәсіподақтың Сарысу ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспекторы Мәулен Әбдіров 2021 жылы 24 тексеру жүргізіп, еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 160 жағдайын анықтаған. Жалпы 2021 жылы кәсіподақ мүшелеріне келтірілген экономикалық тиімділік 453 103 теңгені құраған.
Күн тәртібіне сәйкес Атқару комитеті бұдан бөлек сала қызметкерлері мен олардың отбасы өкілдері үшін 2022 жылға арналған сауықтыру шаралары, Кәсіподақтың Тараз қалалық және Талас аудандық филиалдарындағы кәсіподақ жарналарының жиналуы мен бухгалтерлік есептің жүргізілуін тексеру нәтижелері бойынша Бақылау-тексеру комиссияларының жұмысын зерделеу, кәсіподақтық марапаттаулар туралы бірнеше ұйымдастыру мәселелеріне байланысты сұрақтарды талқылап, қарады.
Барлық қаралған сұрақтар бойынша Қаулы қабылданып, орындаушыларға міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы