ЖАҢА 2022 ЖЫЛ - МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫМЕН БАСТАЛДЫ
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облыстық филиалы және Облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті шығармашыл ұстаздардың Тәжірибе алаңын ұйымдастырды. Облыс бойынша қалалық, аудандық білім бөлімдерінен оған 88 мұғалім қатысты.
«Тәжірибе алаңы» шығармашыл ұстаздармен 19 жылдан бері үзбей жұмыс жасап, педагогтардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына септігін тигізген жоба.
Алаңнын ашылуына Комитет төрайымы Гүлнар Есқалиева қатысып, бұл шараның әріптестердің үздік әдістемелік тәжірибесін айқындау, тарату, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, мәртебесін көтеру және әдістемелік жұмыс жүйесінің бірегейлігін сақтау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын алға тартты. Және де бұған дейін үздік шығармашыл педагог атанған Арал ауданынан № 62 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі А. Кикбаев, Жалағаш ауданы № 34 орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Ж. Байжанов, Сырдария ауданы № 42 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Ташенов, Қармақшы ауданы № 105 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Е.Байдрахмановтарды ерекше атап өтіп, тәжірибе алаңына бірінші рет келіп қатысып отырған қатысушыларға үздік дәріс беретін әріптестерден үйрену керектігін, оларды болашақ көшбасшылар деп есептейтінін жеткізді.
Әрі қарай аға оқытушы Серік Құсейінов жалғастырып, ұйымдастыру алқасы мен сарапшыларын таныстырды.
Сонымен қатар аға оқытушы Жанар Жұбауова әрбір ауданнан қатысушы білім қызметкерлері тақырып бойынша көкейтесті мәселелерді ортаға салып сұрақтар қоюы, өздерінің білім ордаларындағы инновациялық ізденістер туралы айтып, пікір білдіруі қажеттігін ескертіп, шараның жүгізілу барысы мен талаптарын түсіндіріп, топ жетекшілеріне тәжірибе алаңының бағдарламасын табыстады.