АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысына алқалы жиын мүшелері мен кәсіподақтың сайланбалы және босатылған негіздегі қызметкерлері, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, аппарат мамандары, аймақтық құқықтық еңбек инспекторлары қатысты. Облыстық ұйым үшін маңызды сұрақтар қаралған жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ - Салалық Кеңестің Атқару комитетінің желтоқсан айында өткен отырысының материалдарына төраға орынбасары, Салалық Кеңес мүшесі Берік Баймағамбетов шолу жасап, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру міндеттеріне тоқталды. Мұнан соң жергілікті кәсіподақтың Шу аудандық комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина және Мойынқұм аудандық комитетінің жетекшісі Бахтияр Махамедов әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және ұжымшарттық қатынастарды жетілдіру жұмысы туралы есептерін берді. Сондай-ақ, Жамбыл ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Айгерім Сәрсенбаева мен Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстары бойынша есеп берді.
Атқару комитетінің отырысында бұдан бөлек облыстық білім басқармасы мен жергілікті кәсіподақ ұйымы арасында әлеуметтік әріптестік туралы 2021-2023 жылдарға жасалған салалық Келісімге енгізілетін өзгертулер мен толықтырулардың жобасы талқыланды. Жергілікті кәсіподақтың 2022 күнтізбелік жылға іс номенклатурасы бекітіліп, өзге де ұйымдастыру шараларына байланысты бірқатар сұрақтар талқыланып, бекітілді.
Салтанатты жағдайда өткен жиын соңында жергілікті кәсіподақтың бірнеше қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында ҚР кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталған Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ернар Тәжібаев, Қордай ауданы бойынша құқықтық инспектор Бауыржан Алпысбаев, ҚР КФ Алғыс хатымен марапатталған «Еңбекші» газетінің бас бухгалтері Айгүль Егембердиева, Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталған облыстық ұйымның есепшісі Жанбота Ибраимова, Сарысу ауданы бойынша құқықтық инспектор Мәулен Абдиров, Қордай аудандық комитетінің есепші-маманы Сания Акишпаева болды.
Сонымен бірге, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, кәсіподақ ұйымының қызметін жандандыруға қосқан елеулі үлесі үшін облыстық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен Меркі аудандық комитетінің есепші-маманы Балнұр Көктеубаева және Жергілікті кәсіподақтың Құрмет грамотасымен көлік жүргізуші Николай Истратов марапатталды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-