ҚҰРМЕТ ТЕ, ҚОШЕМЕТ ТЕ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА!
Тәуелсіздік таңын атырған Желтоқсан оқиғасының қатысушыларына қандай құрмет көрсетсе де лайық. Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағына қарасты Балқаш қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподағы Асем Айтжанова сұхбат алаңын ұйымдастырды.
Журналист Қуаныш Аманқұлов жүргізген сыр-сұхбаттың құрметті қонағы ретінде 1986 жылы желтоқсанның ызғары мен советтік үкіметтің қаһарынан қорықпастан, орталық алаңға шығып Колбиннің сайлануына наразылығын білдірген балқаштық қайсар қыздар шақырылды.
Білім беру саласында еңбек етіп жүрген жеті желтоқсаншыға "Сарыағаш" шипажайында денсаулығын жақсартып, дем алу мүмкіндігін сыйлаған кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсем Бекенқызы келелі кездесуде сөз алып, азаттық үшін арпалысқан әріптестері Жанар Айнабековаға, Үміт Әбдіғаппар мен Дина Жолдасоваға, Айнагүл Оспановаға, Айгүл Әдәлбекова мен Гүлнәр Әсемхановаға, Гүлсім Айдархановаға алғыс білдірді.
Жүректе жазылмас жара қалдырған сол бір күннің естелігін сәл де болса ұмыттыру үшін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт өткізген ұйымдастырушылар Тәуелсіздік құрдастарын да елеп-ескеруді ұмытпады. Оларға кәсіподақ атынан естелік сыйлықтар үлестірілді.