АҚТӨБЕДЕ ҰСТАЗДАР БОЗ КІЛЕМДЕ БЕЛДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде қазақ күресінен білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында тұңғыш рет «Ұстаз Барысы» облыстық турнирі өтті.
Облыстық білім басқармасы және «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы ұйымының бастамасымен қолға алынған игі шараға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ демеушілік көрсетіп, қолдау білдірді.
Боз кілемде қалалық, аудандық турнирлерде іріктелген 47 палуан 55-66, 67-82 және 83-100 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Білікті педагогтар спорт саласында да осал емес екендіктерін дәлелдеп бақты. Жарыс қорытындысы бойынша, 55 - 66 салмақ дәрежесінде «Ұстаз Барысы» атағын Мұғалжар ауданының палуаны Жеңіс Қалыбай жеңіп алды. 67 - 82 салмақта жүлделі бірінші орынды Ақтөбе қаласының палуаны Заманбек Қанатұлы иеленді. 83 - 100 салмақ дәрежесінде Әйтеке би ауданының түйе палуаны Бағдат Құдайбергенов «Ұстаз барысы» атанды.
Жеңімпаз палуандарға білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас маманы Айжарық Серімбетов және Ақтөбе облысының бірінші спорт шебері, КСРО спорт шебері, грек-рим күресінен Республика чемпионы, спорт ардагері Зейнолла Төлеутаев алғыс хаттар, арнайы белдіктер табыстады.
Байрақты бәсекеге қатысып, жүлделі орынға ие болған барлық педагог-палуанға кәсіподақ тарапынан Алматы қаласындағы «Денсаулық» шипажайына жолдама тарту етілді.