ГИМНАЗИЯНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҚ ҚАДАМЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия мұражайының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға облыстың білім беру бөлімдері мен ЖОО-ның басшылары, кәсіподақ ұйымының жетекшілері және гимназия түлектері қатысты.
Жиналған қонақтар алдымен жаңа үлгідегі технологияға негізделіп жасақталған мұражайда болып, білім ордасының тарихынан сыр шерткен тарихи жәдігерлермен танысты. Олардың арасында оқушылар пайдаланған құрал-жабдықтар, мұғалімдер жүргізген журналдар, әдістемелік-көмекші оқулықтар және тарихи фотосуреттер болды.
Гимназияның акті залында өткен салтанатты жиында білім ұясының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ғилажұлы Даумов сөз сөйлеп, отыз жылдық өткен жолдарға кеңінен тоқталды.
Содан кейін сөз алған Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Байғаниқызы Дүйсекенова, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, облыстық Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Руслан Құрманғалиұлы Сарбалин, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шолпан Исағалиқызы Джанзакова және әр жылғы бір топ түлектер ыстық-ықыласқа толы тілектерін білдірді, ұжым мүшелеріне сый-сияпат жасады.
Жиналыс үстінде білім ордасының 30 жылдық тарихы мен дамуына арналған «Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық білім ордасы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Салтанатты жиналыс соңы ұлттық гимназия ұжымының концертіне ұласты.
-
Фотографии
-