ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ КӘСІПОДАҚ
Тәуелсіздік жылдарында азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі саналатын әлеуметтік институттардың бірі - кәсіптік одақтар өзінің кескін-келбетін, мақсат-міндетін, өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғаудың әдіс-тәсілдерін қалыптастырды. Бүгінгі күні білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының тек сырт пішіні ғана емес, ішкі қызмет жағдайлары да өзгерді. Бұл туралы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ: түйткілдері мен келешегі» тақырыбында өткен аймақтық «дөңгелек үстел» отырысында егжей-тегжейлі айтылды.
Алқалы жиынға жергілікті мемлекеттік және өкілетті орган өкілдері, сот органдарының өкілдері, білім және кәсіподақ саласының ардагерлері, әлеуметтік әріптестер, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және салалық кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ел егемендігінің белесті-бедерлі 30 жылындағы кәсіподақтың орны мен рөліне арналған жиында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қоғаммен бірге түлеп-түрленіп келе жатқан кәсіподақтардың әлеуметтік қысымды бәсеңдету, еңбек адамының беделі мен мәртебесін арттыру, одақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалу жұмысын жетілдіре түсуге бағытталған негізгі миссиясын орындауға күш жұмсап келе жатқанына тоқталды.
Сөз кезегінде Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов тегін заң кеңесін көрсету мен қолдау, лайықты еңбек пен тұрмыстық жағдай жасауға ықпал ету кәсіподаққа заңмен берілген құзыреттер екендігін баса айтса, Кәсіподақтың құқықтық қызметінің басшысы Берік Баймағамбетов еңбек адамының әлеуметтік ахуалын арттыру мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының құқықтық қызметі мен үлесіне тоқталды. Заңгердің мәліметіне сай кәсіподақтық құқықтық инспекция құрылған 2010 жылдан бері заңгерлер 4400 еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау бойынша тексеру жүргізіп, 16 834 құқықбұзушылық анықтаған. Осы мерзімде кәсіподақтың еңбек инспекциясына сала қызметкерлерінен еңбек қатынастарына байланысты 5398 өтініштер түсіп, барлығы 55 549 құқықтық қызмет көрсетілген. Сотқа 125 материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты әртүрлі деңгейдегі соттарда 132 сала қызметкеріне өкілеттік жасалған. Нәтижесінде 94 кәсіподақ мүшесінің жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеген. Құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 1 млрд. 382 млн. теңге қаржыны құрап отыр.
Жиында Тараз қалалық сотының судьясы Бауыржан Манкетегі жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудегі сот тәжірибесі, сотқа дейінгі кәсіподақтардың құзыреті туралы әңгіме қозғаса, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Әбді еңбеккерлердің құқығын таптаған заңды тұлғалармен кәсіподақпен бірлесе күресудің маңыздылығына тоқталды. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов бүгінгі күні қоғамда қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты педагог қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда, олардың мәртебесін арттыруда кәсіптік одақтардың алатын орны ерекше екендігін атап өтіп, күшті кәсіподақтарсыз жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының әлеуметтік әріптестігін қамтамасыз ету мүмкін емес екендігін жеткізді.
- Қазіргі таңда облыста 27 711 педагог қызмет атқаруда. Әлеуметтік қолдаулардың арқасында облыста шығармашыл ұстаздардың қатары көбейіп келеді. 2021 жылы облыстың 2 педагогы елімізде тұңғыш рет берілген «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленсе, 3 педагог республикалық «Үздік педагог - 2021» байқауының жеңімпазы атанды. Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру мақсатында салалық кәсіподақпен бірлесе отырып 2016 жылдан бастап 112 үздік педагог пен 24 білім мекемесіне 35 млн. теңге кәсіподақ қаражатынан сыйақы тағайындалды. Бүгінгі күні білім басқармасы мен кәсіподақтар арасында негізгі принциптік мәселелер бойынша келіспеушілік жоқ, керісінше, бірлесе отырып шешуге тиіс ортақ әрі маңызды жұмыстар мен міндеттер бар, - деді басқарма басшысы.
Алқалы жиында кәсіподақтың жарғылық міндетін жүзеге асырудағы депутаттық мандаттың пәрмені және білім саласындағы жеке меншік секторда кәсіподақ ұйымдарын ашудың тиімділігі туралы білім және кәсіподақ саласының ардагері Гүлсін Орынбаева айтты.
- Кәсіподақ көшбасшысы ретінде үш шақырылымда сайлауға қатысып, облыстық мәслихат депутаты болдым. Халық қалаулысы ретінде мемлекеттік биліктің жергілікті өкілетті органдарының жұмысына қатысу кәсіподақтарға еңбекшілердің өзекті мәселелерін ретімен әрі дер кезінде шешуге, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік - экономикалық және еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін мейлінше тиімді қорғауға мол да ауқымды мүмкіндік берді. Бірлескен әрекеттердің мысалы ретінде еңбек қорғау мен қауіпсіздігі, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының жай-күйі сынды сұрақтардың назарда болуын атап өтуге болады, - деді Гүлсін Рахымжанқызы.
«Дөңгелек үстел» барысында аймақтағы 10 000 аса білім және ғылым саласының әр санаттағы өкілдері арасында жүргізілген «Кәсіподақ: ол керек пе?» тақырыбындағы социологиялық сауалнаманың қорытындысы жарияланып, талқыға түсті.
Жиын соңында талқыға түскен мәселелер бойынша арнайы Қарар қабылданды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы