КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІ – САЛАЛЫҚ ҰЙЫМ НАЗАРЫНДА
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне Исатай ауданы Жалпы білім беретін Өркен орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы хабарласып, декреттік демалысқа шыққан бір топ мұғалімнің жанайқайын жеткізді. Көп ұзамай іссапарға шыққан облыстық ұйымның төрағасы Қ.Сүндетұлы аталмыш мектептің ұжымымен кездесіп, ұстаздар еңбегіне лайықты еңбек ақыларын төлеуде кемшіліктер бар екенін анықтады.
Атап айтқанда, Өркен орта мектебі қызметкерлерінің 2019 – 2020 жылдары зейнетақы жарналары еңбек ақылары, әлеуметтік төлемдері ұсталғанымен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы және әлеуметтік төлем қорларына аударылмаған немесе уақтылы түспеген. Соған сәйкес білім беру мекемесіндегі қызметкерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер салдарынан кәсіподақ мүшелері А.Намазованың, Г.Жұмағалиеваның декреттік ақылары аз төленген. Дәл осындай себептен кәсіподақ мүшесі Қ.Сыдиковаға Отбасы банк тарапынан несие берілмеген. Сондай-ақ, декреттік демалысқа шығуға тиіс Д.Еркінова, Ж.Болатқызы, Г.Ажгалиевалар да осындай заңсыздыққа тап болуы мүмкіндігін жасырмады.
Бұл мәселемен Исатай аудандық білім бөлімінің басшылығы да толық хабардар, өкінішке орай шешімді шара қолдануға қауқарсыз болып шықты. Сөйтіп облыстық салалық ұйым жергілікті құқық қорғау органдарына кәсіподақ мүшелерінің талап арызын түсірді.
«Еңбекті қорғау – адамды қолдау» дегендей, Исатай ауданы Жалпы білім беретін Өркен орта мектебі қызметкерлеріне көрсетілген қолдау оң нәтижесін береді деген сенім бар.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ