ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Тәуелсіздік бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Тәуелсіздік құндылығы ел жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін,өскелең ұрпақ оның қадірін білу керек. Ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу ұстаздар қауымына жүктелген мәртебелі міндет.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Осындай ұстаздарымыздың бірі – Шапатова Қарлыға Сейітқұмарқызы. 1984-1989 жылдар аралығында Алматы шет тілдер педагогикалық институтының француз және неміс тілдері факультетінде оқыған.
Қарлыға Сейітқұмарқызы салада қызмет атқарып келе жатқанына 32 жыл болды. Алғаш еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Құйған орта мектебінде француз тілінен,1992 жылы Топтерек негізгі орта метебінде неміс тілінен сабақ берсе, 2013 жылдан бері Күршім № 1 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді. Білімі жоғары, бірінші санатты мұғалім. Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып, мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, оларды еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсауда. Сонымен қатар ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз ғана емес, ол төрт баланың анасы, аяулы жар.
«Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» деп ұлы Абай бабамыз айтқандай жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнегеңіз өлшеусіз. Ұлағатты ұстазға Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбегіңіз үшін рақмет демекпіз!
Е.Есембаев,
«Ю.А. Гагарин атындағы №1 Күршім ортамектебі» КММ
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы,
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы