ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ
Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағаты мол Бейсенкүл Жақаеваның көп жылғы еңбегі лайықты бағасын алды. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын шәкірттеріне саналы тәрбие мен кәсіби бағдар беруге арнаған Бейсенкүл Сұлтанғалиқызын өзі еңбек ететін шежірелі білім ордасы – Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің ұжымы ұлықтады.
Асқаралы 60 жасын айрандай ұйыған ұжымда қарсы алған ұлағатты ұстаздың құрметіне ұйымдастырылған салатанатты шараның шымылдығын колледж директоры Бота Аман өз құттықтауымен ашты. Жүрек жарды лебіздерін жеткізіп, мерейтой иесіне сый-таралғысын ұсынған басшы білімі мен біліктілігі жоғары Бейсенкүл Сұлтанғалиқызы бастаған әріптестері барда техникалық мамандықтардың шеберханасына айналған колледж жаһан көшінің алдынан көрінетініне сенім артты.
Ақ тілектер легін жалғастырған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бас мамандары мен Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Таңшолпан Құлымбетова Төраға Марат Қоңырбаевтың құттықтауын жеткізіп, қазақы дәстүрмен Бейсенкүл Сұлтанғалиқызының иығына шапан жапты.
Өнегелі өмір иесінің жетістікке толы еңбек жолынан сыр шерткен бейнефильмнен соң мерейтой иесін әріптестері, ата-аналар комитеті мен шәкірттері, достары мен туған-туыстары құттықтап, бәрі-бәрі Бейсенкүл апайдың мейірімділігі мен жанашырлығын, алғырлығын тілге тиек етіп, алғыстарын жаудырып жатты.
Әсем әнмен ажарланған кездесуден көтеріңкі көңіл-күймен тарқасқан көпшілік Бейсенкүл Жакаева адал еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында абырой биігінен табылғанын сезінді. Әрі сондай зор құрметке жетуді арман еткені шындық.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі