САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ БАСШЫСЫНЫҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА САПАРЫ
Ақтөбе облысында «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында көшпелі семинар өткізілді.
Шараға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева, құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева және жетекші маман-кеңесші Гүлзат Бралина арнайы келіп, қатысты.
Кәсіподақ өкілдері алдымен Қобда ауданына барды. Аудан әкімінің орынбасары І.Тынымгереевтің қабылдауында болып, одан соң педагогтармен кездесті.
Шарада Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы кәсіподақтың бүгінгі ахуалы мен жұмысы туралы баяндады. Әлеуметтік әріптестікті жүйелі жолға қойып, педадагогтардың мәселесін дер кезінде шешіп отырған кәсіподақ ұйымдарының жұмысына оң бағасын берді.
Облыстық білім кәсіподағы ұйымының төрайымы Раушан Серікова өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жалпы семинарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келісу комиссиясының жұмыс принциптері және өкілеттіктері, келіссөздер жүргізу дағдылары, еңбек дауларын жанжалсыз шеше білуі сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Семинар-кеңес сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Райхан Қыдырбаева кәсіподақ мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап беріп, құқықтық-әдістемелік көмек көрсетті. Педагогтардың біліктілігін арттыру мен аттестациядан өту тәртібі, еңбек демалысына, денсаулығына байланысты еңбекке араласа алмаған күндеріне төленетін қаржы көлемі, сонымен бірге қосымша ақы төлеу сынды сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Дәл осындай оқыту семинары Мәртөк ауданында да өтті. Жиынға әлеуметтік әріптестер, аудандық білім бөлімінің басшылары Н.Айжарықов, Н. Ашимов, мектепке дейінгі, орта, қосымша білім беру мекемелерінің директорлары, кадр қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, келісім комиссияларының мүшелері қатысты.
Сондай-ақ, жиында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай орай кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік - экономикалық мүддесі мен құқықтарын қорғауға атсалысқан әлеуметтік серіктестерге марапаттар табысталды.
Аудандық білім бөлімінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары төсбелгілермен марапатталып, белсенді кәсіподақ мүшелеріне салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы табысталды. Барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды.
-
Фотографии
-