ЖАМБЫЛДЫҚ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгінде кәсіптік одақтарға деген қоғамның көзқарасы өзгерген. Оған кәсіподақтардың қызметіне енгізіліп жатқан жаңа жұмыс тәсілдері мен ұстанған бағыты дәлел. Қоғамдық ұйымның еңбек қатынастарындағы рөлі мен маңызын жұмыс беруші өкілдері де сезініп отыр. Бұл туралы «Кәсіподақ қозғалысының қазіргі қоғам дамуындағы міндеттері» тақырыбында Жамбыл облысында өткен семинарда балабақша меңгерушілері мен қосымша білім беру мекемелерінің директорлары айтып өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелері болып табылатын жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату, олардың еңбек қатынастарында, жалақы мен демалыс, аттестациядан өтуге байланысты туындап жатқан сұрақтарына жауап беру, әлеуметтік әріптестік актілерінің тәжірибеде қолдану сұрақтарын талқылау.
Семинардың мақсатына жетуі үшін жергілікті кәсіподақтың заңгерлерінен құралған лекторлар одақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету, сонымен бірге еңбек ақы есептеудің формуласын үйрету, аттестациядан өту ерекшеліктерін ескерту, еңбек заңдылығына байланысты өзгерістер енген заңдар мен нормативтік құқықтық актілермен таныстыру, кәсіподақ ұйымының ақпараттық саясатын жүргізу сынды мәселелер қамтылған дәрістер өтті.
Төраға орынбасары Берік Баймағамбетов 2021-2023 жылдарға арналып облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін, өзгеріске ұшыраған тұстарын, оларды тиімді пайдаланудың жолдарын айтып өтті. Ал облыстық ұйымның кадр жөніндегі бас маманы Әлия Джолшибекова еңбек ақы мәселесі мен жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Семинардың алғашқы күнінің соңғы сағаты кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық саясаты тақырыбына арналып, соңы еңбек қатынастарына байланысты тыңдаушылардан түскен сауалдарға жауап берумен аяқталды.
Семинардың екінші күні қатысушылар жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен саладағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, сұхбаттасты. Іс шара соңында қатысушылардан сауалнама алынып, кері байланыс орнатылды. Барлық қатысушылар үшін Тараз қаласының көрікті жерлеріне ұйымдастырылған тарихи-танымдық саяхаттан соң кәсіподақ оқуынан өткендігін растайтын куәліктер табысталды. Семинар қатысушылары ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай мазмұнды шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін жеткізді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-