ЗОРЛЫҚ–ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ ҮШІН
1981 жылдан бастап әлем елдерінің белсенді әйелдері 25 қарашада зорлық – зомбылыққа қарсы күнді атап өте бастаған. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылғы 17 желтоқсанда 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады.
Осы ретте жыл сайын ел аумағында «Әйелдерге қарсы зорлық пен зомбылықсыз 16 күн» деп аталатын акция ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. 10 желтоқсанға дейін жалғасатын кең көлемінді акцияға Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының ұжымы да үн қосты.
Кәсіподақтың ақпараттық-ұйымдастыру жұмысының жетекші маманы Диана Оразалина Жезқазған полиция басқармасының жергілікті полиция бастығы Данияр Мұсабеков және әйелдердің құқығын қорғау жөніндегі инспектор Айжан Нұрмановамен бірге әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығына барды.
Әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығының жұмысын мемлекеттік тапсырыс аясында «Қорғау-Астана» жеке қоры дөңгелетіп отыр. Кәмеш Әбжәмелова басшылық жасап отырған орталықта қазір 4 ана мен 16 бала бейқам өмір сүруде. Ерінің тепкісінен әбден мезі болған әйелдер үшін әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығында барлық жағдай жасалған. Тегін төсек, үш мезгіл тамақ. Балаларына қарайласып, жазу-сызуды үйретіп, жан-жақты дамытатын тәрбиеші тағы бар. Сонымен бірге, орталықта әйелдерге тігін мен кулинария курстарын тегін меңгеріп шығу мүмкіндігі ұсынылған. Ең бастысы олар – қысымнан ада, жан тыныштығына ие.
Зорлық-зомбылықтың құрбандарын өмірге қайта бейімдеу үшін орталықта психолог, әлеуметтік қызметкер, медициналық қызметкер мен заңгер тынымсыз еңбек етуде. «Әйелдерге қарсы зорлық пен зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында өткен дөңгелек үстелде полиция майоры Данияр Қадырұлы алимент өндіру, сот арқылы әкесінің қамқорлығындағы бауыр етімен кездесудің тәртібі туралы кеңінен түсіндіріп, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырса, Диана Алпысбайқызы тағдырдың тәлкегіне түскендермен сырласып, әр қиындықтың артында жеңілдік барына сендірді.
Жиын соңында зорлық-зомбылық құрбандарына тәулігіне 24 сағат бойы құқықтық, психологиялық, моральдық көмек көрсетуге даяр екенін жеткізген дөңгелек үстел қатысушылары орталықтың кішкентай тұрғындарына күлкін түсті шарды сыйға тартылды.
Ерінің жұдырығына бетін жауып, арқасын тосқан әйелдер өздеріне назар аударып, қол ұшын созған орталықтың ұжымына алғысын білдіреді. Біз де өз кезегімізде сүрінгенді демеп, құлағанды көтерген орталықтың диреткоры Кәмеш Әбжәмеловаға, тәрбиеші Жансәуле Құрманбаева мен басқа да мамандарға мейірімділігі үшін ризашылығымызды білдіріп, біздің қоғамда көзі жасқа толған ана мен бала болмасын деп тіледік.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі