ЖАМБЫЛДА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қарашаның 22-23 күндері еңбек және салалық заңнамадағы өзгерістер, әлеуметтік әріптестік актілерін жүзеге асыру, кәсіподақтық қызметтің бірқатар түйткілдерін реттеу сұрақтарына арналған семинар өтті. «Кәсіподақ қозғалысының қазіргі қоғам дамуындағы міндеттері» тақырыбындағы семинарға облыс аумағындағы мектеп басшылары қатысты.
Іс шараның басты мақсаты – жергілікті кәсіподақтың өз мүшелерінің құқықтық, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бойынша қызметі туралы хабарлау, кәсіподақ мүшелерінің кәсібилігін, құзыреттілігін және құқықтық білім деңгейін арттыру, семинар барысында мекеме басшыларын толғандыратын сұрақтар, мәселелер шеңберін анықтау арқылы оларды әлеуметтік әріптестік, құқықтық кеңес, семинарлар арқылы барынша қанағаттандыру болды. Осы мақсатпен «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» деген тақырып аясында Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков семинардың алғашқы сағатын өткізді.Ал Кәсіподақтың құқықтық қызметінің басшысы Берік Баймағамбетов әлеуметтік әріптестік актілерінің қолданыс аясын, орындалу тәртібін түсіндіріп, ұжымдық шарттың қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды міндеттейтініне тоқталды.
Облыстық ұйымның құқықтық және кадр қызметінің бас маманы Әлия Джолшибекова «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі» тақырыбы аясында дәріс оқып, мекеме басшыларының бұйрықтарды рәсімдеу кезінде жиі орын алатын қателіктері туралы айтты. Сонымен бірге, бұйрықтардың дұрыс рәсімделмеуі себебінен жұмысқа қайта орналасу, өтемақы төлету сынды фактілер бойынша бірнеше мысалдар келтірді. Сонымен бірге, кәсіподақ төрағаларын жұмысберушініңбастамасыменжұмыстан шығаруға және тәртіптік жаза қолдануға кәсіподақ комитетінің алдын ала келісімімен ғана жол берілетінін жеткізді.
Семинар барысында салалық «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров кәсіподақтың ақпараттық-имидждік қызметі, ол білім мекемелерінде қалай жүру керек, кәсіподақтық және өзге де ақпарат көздерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді.
Білім саласындағы еңбек қатынастарының өзекті әрі түйткілді мәселелеріне арналған сұрақ-жауап сағатында мектеп директорларын ротациялау, педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа моделін түсіндіру, келісу комиссияларының жұмысы, білім беру және еңбек қатынастары мәселелері төңірегіндегі өзге де сауалдарға жауап берілді. Семинардың мазмұнды өткендігін сөз кезегінде Байзақ ауданы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры Е.Абдикаримов, Қордай ауданы №9 орта мектеп директоры Н.Танабекова мен «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының директоры Г.Тойшыманова атап өтіп, ризашылықтарын білдірді. Семинар соңында барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығын растайтын арнайы куәлік табысталды.
Семинардың екінші күні барлық қатысушылар үшін құқықтық оқытумен қатар тарихи-танымдық экскурсия ұйымдастырылып, тыңдаушылар «Ежелегі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты мәдени нысандар - «Қарахан», «Айша бибі» және «Тектұрмас» кесенелерінде болды.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-