РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Т.Рысқұлов аудандық комитетінің кезекті V Пленумы өтті. Жергілікті кәсіподақтың төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің мәжіліс залында өткен алқалы жиында аудандық білім бөлімі мен салалық кәсіподақ ұйымы арасында 2021-2023 жылдарға жасалған ұжымдық шарттың орындалу барысы қаралды.
Жұмыс беруші тараптан атқарылған шаруалар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова ақпарат берді. Ақпаратқа сүйенсек аудандағы барлық 67 білім мекемесіндегі 4283 кәсіподақ мүшесінің игілігі үшін ұжымдық шарт талаптары бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Оқу сабақтарының кестесі, демалыс кестелері, қызметкерлердің жұмыс уақыты, педагог қызметкерлердің оқу жүктемесі, біліктілікті көтеру немесе түсіру бойынша аттестаттау шешімдері, еңбек дауларын шешу мәселелері ұжымдық шарт арқылы шешілуде.
Биыл білім беру саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 12,2 млрд. теңгені құраған. Ұстаздар күнінде үздік 15 педагогқа 100 мың теңгеден сыйақы тағайындалған. Шеберлік біліктілігі бар мұғалімдердің барлығына тиісті төлемдер толық төленуде. Сала қызметкерлері міндетті дәрігерлік тексеруден жыл сайын тегін өтеді. Коммуналдық қызмет төлемі де жергілікті бюджет есебінен төленіп отыр. Жыл басынан 1490 мұғалім әр деңгейдегі білімді жетілдіру курсынан, 184 педагог жаңартылған білім беру мазмұнын меңгеру курсынан өтіп, бұл жалпы мұғалімдердің 83% құрайды.
- Ұжым болған соң келіспеушіліктер болады, бұл арыз-шағым, дау-дамай, өзара түсініспеушіліктерге әкеледі. Қандай да бір даулы мәселе болған жағдайда білім бөлімі кәсіподақпен бірге қолданыстағы барлық нормативтік актілерге сай нақты шешім шығаруға күш салып, өзара татулық пен ымыраға келу, ынтымақтаса еңбек етуге шақыру принципімен жұмыс атқарады, - деді білім бөлімінің басшысы.
Білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподағының төрайымы Айнұр Баймұратова да білім бөлімінің қолдауымен шынайы әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарт жасау мен оның орындалуын қамтамасыз ету, сала өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда өзара мәмілеге келе білудің жақсы үлгісі қалыптасқанын өз есебінде ерекше атап өтті. Әлеуметтік әріптестіктің нәтижесінде кітапхана мен медицина, қаржы-экономикалық қызмет мамандарының жалақылары артқан. Пән бірлестігіне жетекшілік еткені үшін 168 мұғалімге төленіп жатқан үстеме ақы да осының дәлелі.
2021 жылдың 11 айында құқықтық қызмет заңгерімен 23 еңбек заңдылығының сақталуы бойынша тексеру жүргізіліп, 95 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталған. Ұйымға 18 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 342 адам болған. Аталған кезеңде кәсіподақ мүшелеріне жалпы 780 құқықтық қызмет көрсетілген. Кәсіподақ активінің біліктілігін арттыру мақсатында 5 семинар ұйымдастырылған.
Былтырғы пандемияда індетке шалдыққан кәсіподақ мүшелеріне 2 560 000 теңгеге материалдық көмек көрсетілген. Ал 6 млн. теңгеге 32 бірлік ноутбук берілген. Сала еңбеккерлерін сауықтыру мақсатында барлығы 382 жолдама алынып, қызметкерлер денсаулықтарын түзеген.
Әлеуметтік әріптестердің есепті баяндамаларынан соң жарыссөзге шыққан Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Мұратжан Мейманханов, Абай орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Айнұр Тәттібекова, кәсіподақтың жастар қанатының мүшесі Әкежан Дәкенов одақ мүшелерінің әлеуметтік еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың ар-намысына нұқсан келтірмеу, сыйластық пен өзара ынтымақта бірлесе еңбек атқару, ұжым мүшелерінің күшін бір арнаға тоғыстыру турасындағы атқарылған шараларға кеңінен тоқталды.
Жиын барысында түрлі себепке байланысты бірнеше сала қызметкері аудандық кәсіподақ комитеті құрамынан шығарылып, орнына өзге азаматтар сайланды. Сонымен бірге, кәсіподақтық іс-шараларға жоғары ұйымшылдықпен қатысып, нәтиже көрсетіп жүрген ұжымдар, мерейлі жасқа жеткен бірқатар ұстаздар және салалық «Еңбекші» газетіне жазылуда асқан ұйымшылдық танытқан бірнеше бастауыш ұйымдар арнайы марапатталды. Ал «Ер төстік» бөбекжай-бақшасының БКҰ төрайымы Сусары Нұғымановаға зейнет жасына толуына орай құрмет көрсетіліп, иығына камзол жабылды.
Бұдан бөлек жиын барысында 2022 жылға арналған аудандық комитеттің кіріс-шығыс сметасы бекітіліп, басқосуда айтылған міндеттерді іске асыруды көздейтін Қаулы қабылданды. Осы күні аудандағы білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің қатысуымен «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында семинар өтті.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-