МАРАПАТ МЕРЕЙ ӨСІРГЕН КҮН
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында білім беру саласында қажырлы қызмет атқарған еңбек ардагерлері құрметке бөленді. Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен шарада «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айрықша сіңірген еңбегі үшін» алтын төсбелгісімен білім саласының ардагерлері Қужантаева Мадина Құнарқызы мен Алтынбаева Зауреш Болысбекқызы марапатталды.
Қ.Жұбанов ат. Ақтөбе өңірлік университеті «Музыка және хореография» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, кәсіподақ комитетінің мүшесі Қартбаева Жайнагүл Жаншақызының кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.
Салтанатты жиында, сонымен қатар, облыстық шахмат және тоғызқұмалақ турнирлерінің қорытындысы жарияланды.
Білім беру қызметкерлері арасында өткізілген жарысқа белсене қатысып, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын үлгі етіп, жан-жақты білімі мен кәсіби шеберлігін көрсеткен аймақ ұстаздары облыстық білім басқармасы мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қоймай, қоғамдық шараларға ат салысып, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан ұстаздарды салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтады. Шараға, сондай-ақ, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Асхат Ізбасар,облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Дина Жаманбаева қатысып, жеңімпаздарға ізгі тілектерін білдірді.
Шахматтан ерлер арасынан Шалқар ауданы, №1 Аула клубының нұсқаушысыҚұдайберген Ағайбек Аманкелдіұлы қарсыластарын басым түсіп, жеңіске жетті.Әйелдер арасынан Алға ауданы, №3 Алға қазақ орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ұлыкпанова Ғазиза Сүндетбаевна жеңіске жетті.
-
Фотографии
-