АРДАГЕР ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Мойнақ ауылындағы №23 орта мектебінің еңбек ұжымы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Берік Кенбаевты зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.
Берік Жанжолұлының құрметіне білім ордасында ауқымды шара ұйымдастырылды. 63 жасқа толған мерейтой иесін алғашқылардың бірі болып мектеп директоры Айгүл Мүсекенова құттықтап, әріптестерінің атынан бағалы сыйлығын табыс етті.
Шараға қатысқан Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас мамандары Маржан Жұмабек пен Дархан Шакенов туған күн иесіне облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергеновтың құттықтауын жеткізіп, білім саласында атқарған жұмысын жоғары бағалап, Алғыс хат пен қаржылай сыйлығын табыстады.
Салтанатты жиында әріптестері Берік Жанжолұлына ізгі тілектерін білдіріп, өмір жолы мен қызметте жеткен жетістіктерін айтты. Шәкірттері бейнеролик арқылы құттықтауын жеткізсе, мектеп оқушылары өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты.
Берік Жанжолұлы - еңбек жолын «Агпашметалл» комбинатында бастап, Көксу ауданында байланыс жүйесінде, облыстық өртке қарсы қызмет басқармасында жұмыс істеген. Кейіннен білім саласына бет бұрып, Қарағанды Мемлекеттік Университетін тәмамдап, 2004-2013 жылдар аралығында А.С.Макаренко, Н. Островский атындағы орта мектептерінде алғашқы әскер дайындық пәнінің мұғалімі болған. 2013 жылдан бері Мойнақ ауылындағы №23 орта мектебінің алғашқы әскери пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан Берік Кенбаев қалалық, облыстық, республикалық деңгейде марапаттарға ие болған.
Түрлі саланы меңгерген мерейтой иесі шара соңында барша сала қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-