ӨЗ ІСІНІҢ МАМАНЫ
Кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек емеспе?! Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы бола білген абзал жандардың алдыңғы легінде Сәния Ерсінбекқызын атауға болады.
Мен Сәния Ерсінбекқызымен 2013 жылы "Айжұлдыз" бөбекжай-балабақшасына жұмысқа келгенде таныстым. Сания Ерсінбекқызы 1987 жылы Мұхтар Ауезов атындағы Семей педагогика училищесінде "Мектепке дейінгі тәрбие" мамандығын алып, еңбек жолын мектепке дейінгі білім саласынан бастап, бала тәрбиесінде үздіксіз 33 жыл қызмет етіп келеді. Сәния Ерсінбекқызы осы жылдар аралығында жас ұрпақты саналы да, салауатты етіп тәрбиелеу жолында ерінбей еңбек етіп, шығармашылығын шыңдап, саналы өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, балалар мен ата-аналардың ықыласына бөленуде.
2008-2016 жылдар аралығында"Айжұлдыз" бөбекжай-балабақшасында кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарған Сәния Ерсінбекқызының ұйымдастырушылық шеберлігі мен еңбекқорлығын бүкіл ұжым болып жоғары бағалаймыз . Өз ісіне де кәсіподақ жұмыстарына да үлгеріп, тірлігін тиянақты тындырып отыратын іскерлігін маған да дарытты. Мен Сәния Ерсінбекқызынан еңбекке деген сыйластықты, адалдықты және адамгершілікті, қиындықтарды өз бетімен жеңе білуді үйрендім.
Осы еңбек жолында бірінші санаттағы білікті тәрбиеші Сәния Ерсінбекқызы көптеген марапаттарға ие болды. Ол өзінің мектепке дейінгі қызмет саласындағы мол тәжірибесін өзге де тәрбиешілермен, жас мамандармен бөлісіп, үйретуден жалыққан емес.
Ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беріп, ұжымда жастарға қамқоршы ұстаз бола жүріп отбасында ұл, қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана ретінде құрметке бөленген Сәния Ерсінбекқызына алдағы уақытта да табыстарға жете беруіне тілектеспіз.
Ж.Жақсылықова,
Ұлан ауданы, Қасым Кайсенов кенті «Айжұлдыз» бөбекжай-балабақшасының
кәсіподақ төрайымы,Шығыс Қазақстан облысы
кәсіподақ төрайымы,Шығыс Қазақстан облысы