ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы кезекті Атқару комитетінің отырысын өткізді.
Төраға Марат Қоңырбаев жүргізген жиынның күн тәртібіне шығарылған алғашқы сұрақ бойынша заңгер Дархан Жақыпбек баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2021 жылдың жазында еліміздің алдыңғы қатарлы шипажайында денсаулығын нығайтып, демалған кәсіподақ мүшелері мен олардың балалары туралы кеңірек тарқатты. Жалпы биыл Жезқазған аймағы бойынша 546 ересек және 251 бала шипажайға жолдама алған.
Жезқазған қалалық кәсіподақ ұйымының 2020-2021 жылдарға арналған еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекциясының жұмысы жөнінде Ляззат Күнеділова есеп берсе, апараттың жетекші маманы Медет Ерназаров Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің жатақханасына жүргізілген мониторингтің қорытындысын таныстырды.
400 орынға шақталған университет жатақханасында бүгінде 86 студент тұрады. Студенттердің бейқам өмір сүруі үшін жатақханада барлық жағдай жасалған. Жөндеуден өткен жарық бөлме жиһазбен толық жабдықталған. Әр қабатта тоңазытқыш, электр плиталары бар тұрмыстық бөлме мен кір жуу орындары қарастырылған. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де жолға қойылған. Атап айтқанда, жатақханада тәулік бойы күзетіледі, турникеттер орнатылған.
Сонымен бірге, Атқару комитетінің отырысында 2022 жылдың І тоқсанына арналған желілік кесте бекітілді. Келер жылы Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының аудандық/қалалық кәсіподақ ұйымдары 100-ге тарта спорттық, мәдени-бұқаралық, ағартушылық шара өткізуді межелеген. Шаралар терең мазмұны мен әр алуандығымен ерекшеленеді. Желілік кестеде білім саласы қызметкерлерінің теориялық білімі мен кәсіби шеберлігін, шығармашылық қызметін шыңдауға, балабақша қызметкерлерінің шығармашылық ізденісі мен қабілеттілігін дамытуға, жас мамандарға тәжірибемен бөлісу алаңдарын ұйымдастыруға бағытталған шаралар жоспарлаған. Сонымен қатар, қайырымдылық акцияларын, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатындағы семинар-тренинг өткізу, білім ошақтарының жай-күйін, ондағы техникалық инспекторлардың жұмысы мен ұжымдық шарттардың орындалысына мониторинг жүргізу, кәсіподақ ұйымының белсенді мүшелері мен мерейтой иелерін ынталандыру жолға қойылған. Атаулы даталар да ұмыт қалмаған. Желілік жоспарда танымдық жобалар да көрініс тапқан.
Төраға/төрайымдардың қордаланған сұрақтарына тұшымды жауап берілген отырыстың соңында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кәсіподақ қозғалысын дамытуға сүбелі үлес қосқан кәсіподақ мүшелерін түрлі дәрежедегі марапатқа ұсыну сұрағы қаралды.
-
Фотографии
-