«30 ЖЫЛ. 30 ТҰЛҒА» БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен Көксу аудандық филиалының жанынан құрылған Жастар кеңесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жыл. 30 тұлға» тақырыбындағы білім бәйгесін ұйымдастырды.
Аталған білім бәсекесіне аудандық, қалалық кәсіподақ филиалдарынан 10 команда қатысты. 18-35 жас аралығындағы ұстаздардың басын қосқан шара қазақ елінің іргесін қалаған хандардан бастап, тәуелсіздік алған жылдардағы маңызды оқиғаларға негізделді. Көксу ауданының тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, даму барысы мен жасалған жұмыстары баяндалды.
Кілең мықтылар жиналған шарада Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз алып, барша кәсіподақ мүшелерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыты екенін айтты. Айтулы мереке қарсаңында жоспарланған шараларды таныстырып, педагогтарға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сөз алған ардагер ұстаз Сағымбала Құлсейітқызы өскелең ұрпақты тәрбиелейтін педагогтардың қоғам алдындағы жауапкершілігі артқанын айтты. Өткенді біліп, бүгінгіні зерделеп, болашаққа бағдарлау осы мамандық иелерінен басталатынын жеткізіп, ұстаздарды білім бәйгесіне белсене қатысуға шақырды.
«30 жыл. 30 тұлға» атты білім сайысында қатысушылар «Отыз тұлға», «Квест ойыны», «Жылдар сөйлейді» кезеңдерінде өзара бақтарын сынады. Алғашқы кезеңде ұстаздар экранда берілген ұяшықтарды таңдап, қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сұрақтарға бір минут ішінде жауап берді. Таңдаған ұяшықтардың деңгейіне қарай 10, 20, 30 ұпайды еншіледі. Ал, квест ойынында қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген тапсырмаларды рет-ретімен тауып, QR-код арқылы басты құндылық болып табылатын тарихи кітаптарды анықтап, жастардың ойлау қабілеті мен тапқырлықтары сыналды. Соңғы кезең Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғаларға бағытталды. Берілген жылдардағы маңызды оқиғаларды ашып көрсетті.
Әр кезеңде Көксу ауданының жастары өнерлерін көрсетіп, патриоттық әндерді шырқады. Интелектуралды ойында М. Төлепбергенов, С.Төкенова, М.Төлекенов, Г.Ахметова, Ж.Әбішева қазылар алқасының құрамын толықтырып, ұстаздардың өнерін бағалады.
Мұратбек Төлекенов қазылар алқасының атынан сөз сөйлеп, шараның өтілу барысына баға берді. Ұстаздардың білім деңгейін жоғары бағалап, белсенділік танытқан кәсіподақ мүшелеріне алғысын білдірді.
Жүзден жүйрік шығып, І орынды Панфилов ауданы, Керімағаш-Арасан орта мектебінің мұғалімі Еламан Сайранұлы мен Надек орта мектебінің мұғалімі Шолпан Нажимова, ІІ орынды Алмалы орта мектебінің мұғалімі Дархан Мұратұлы мен Н.Островский мектеп-лицейінің мұғалімі Жолболды Сәйдіқапарұлы, ІІІ орынды Еңбекшіқазақ ауданы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің мұғалімдері Жанар Есіркегенова, Нафиса Тұрлыбаева иеленді. Жеңімпаздарға облыстық ұйымның дипломдары, Көксу аудандық филиалының қаржылай сыйлығы мен арнайы сертификаттары табыс етілді. Белсене қатысқан ұстаздар алғыс хат, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Шара соңында аудандар мен қалалардан жиналған білім саласының қызметкерлері екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтың басына барып, құран бағыштады.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-