ЖУАЛЫДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінде кәсіподақ мүшелігімен қамту, кәсіподақтарға жаңа әрі тың күштер тартуда бірқатар пәрменді шаралар жүргізілуде. Ынталандыру жұмысы да өзінің оң нәтижелерін беруде. Статистикалық есеп бойынша аудандағы 74 бастауыш ұйымға 4073 кәсіподақ мүшесі біріккен. Әлеуметтік әріптестік арқылы ұжымдық шарттар жасау мен оның орындалуын қамтамасыз ету, сала өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда өзара мәмілеге келе білудің жақсы үлгісі қалыптасқан. Бұл туралы санитарлық талаптарды ескере отырып еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың сұрақтарына арналған кезекті семинардан кейін өткен Жуалы аудандық комитетінің V Пленумында айтылды.
Комитет төрайымы Гүлнұр Қадырбектің келтірген мәліметі бойынша 2021 жылдың 10 айында аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 34 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 253 адам болған, жалпы 755 құқықтық қызмет көрсетілген. Кәсіподақ мүшелеріне келтірілген экономикалық эффект 32 581 457 теңгені құраған. Пандемия кезінде аудандық ұйым 40 бірлік ноутбукты еңбек ұжымдарына үлестірген. Шипажайларда 119 кәсіподақ мүшесі 50 пайыз жеңілдікпен сауыққан.
Алқалы жиында келтірілген мәліметтерді аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Тыныбеков, №1 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, «Үздік педагог» облыстық байқауының жеңімпазы С.Кадырова, аудандық құқықтық инспектор Г.Орымбаева нақтылай түсіп, әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау аясындағы жарғылық міндеттермен қатар сала өкілдерінің құқықтық сауатын арттыру, еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейту, жастармен жұмыс, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін қолдау шараларына егжей-тегжейлі тоқталды. Бұдан өзге Пленум 2022 жылға арналған қаржылық кіріс және шығыс сметасын бекітіп, Филиал комитетінің мүшелік құрамына ұсынылған өзгерістерді бекітті.
Алқалы жиын соңында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аудандық комитеттің жарғылық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, бірқатар кәсіподақ белсенділерін марапаттады. «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен ұлағатты ұстаз, әлеуметтік әріптес ретінде әрдайым кәсіподақ ұйымына қолдау көрсетіп жүрген №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің директоры Умарбекова Гүлсара Жарылқасынқызы марапатталды.
Пленум соңында Қаулы қабылданып, білім ұйымдарында еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алуда кәсіподақтардың рөлін күшейту; өндірістік кеңестердің және техникалық инспекторлардың рөлін арттыру және жұмысын жандандыру; білім беру ұйымдарында әлжуаз топқа жататын қызметкерлердің (кіші қызметкерлер, зертханашылар, медбикелер) айлық жалақысын көтеру бойынша міндеттер жүктелді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-