ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМІ АНЫҚТАЛДЫ
«Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-нің Жезқазған қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы бастамасымен және қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық «Жыл мұғалімі» байқауының қалалық кезеңі өтті.
Қалалық байқау пән бойынша ашық сабақ, «Тәуелсіздік – орындалған арман. Қазақстандық жол» тақырыбындағы сыныптан тыс шаралар деген екі кезеңнен құралды. Байқауға қатысуға өтінім берген 12 мұғалімнің түгелі дерлік осал болмады. Кәсіби шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіруге баса назар аударатын олар шәкірттеріне жаңа сабақ тақырыбын меңгертуде түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланатынын көрсете білді. Өз ісіне жан-тәнімен берілген ұстаздардың сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудағы қарым-қабілеті, тіпті бөлек. Өскелең ұрпақты жарқын болашаққа ұмтылдырып, оқушыларын жаңа қырынан ашып, өнерге баулып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда өзіндік тәжірибесі бар педагогтер байқаудың соңғы турында «Педагогтің визиттік карточкасы», «Ашық микрофон», «Мұғалімнің демалыс күні» атты үш шығармашылық тапсырманы мүдірмей орындап шықты.
Жүзден жүйрікті анықтау оңай болмады. Ұстаздардың әрқайсысы марапатқа лайық. Сондықтан, ұйымдастырушылар өнерімен озып, білімі мен біліктілігімен дараланғандарды елеусіз қалдырмады. Осылайша, №24 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі Еркежан Есенбаева, №2 жалпы білім беретін мектептің биологі Шаймерден Тлесов , №21 жалпы білім беретін мектептің тарихшысы Дәуір Өкеш, №133 негізгі орта мектептің физигі Гүлнұр Дәулен Алғыс хат иеленсе, №13 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Алма Баймұқанова «Ең үздік сабақ», №9 мектеп интернатының тарихшысы Бақыт Қожабекова «Ең үздік сыныптан тыс іс-шара», Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің биологі Сәуле Қорғанбек «Ең үздік үй тапсырмасы», №8 гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Думан Сәдірислам «Көрермендер көзайымы» номинацияларымен марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен «Жыл мұғалімі» байқауының жүлделі ІІІ орнын №11 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі Әсия Қожабаева, ІІ орынды Қабден Шыңғысов атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің математигі Меруерт Бекимбетова, І орынды №1 жалпы білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі Айжан Наурызбаева еншіледі. Бас жүлдені жеңіп алған №10 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жұлдыз Берлибекова мысты өлкенің намысын Қарағанды облысында қорғайтын болады.
Қанаттас жатқан Сәтбаев қаласында да «Жыл мұғалімі» байқауы қорытындыланды. 13-22 қазан аралығында өткен байқаудың І-ІІ кезеңінде ұстаздар ашық сабақ және үздік сыныптан тыс жұмыстарын ұсынған болатын. Аталмыш сынақтан сүрінбей өткен 8 мұғалім ақтық сында жолдама алды.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін, рухани-адамгершілік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық мәдениетті игерген, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияны меңгерген, жан-жақты дамыған балалар мен жасөспірімдер тәлімгері, жоғары интеллектуалды деңгейдегі дарынды ұстаздарды анықтауды мақсат еткен байқаудың нәтижесі бойынша Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Сарсенова 2021 жылдың үздік мұғалімі атанды. І орынды №15 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлшат Окетаева, ІІ орынды №1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Гүлзат Дүйсенбай, ІІІ орынды №19 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Перизат Сұлтанғалиева иеленді.
Тәжірибесі толысқан, өз ісінің майталмандарына «Ең үздік сабақ», «Үздік сыныптан тыс жұмыс», «Үздік үй тапсырмасы» және «Көрермен көзайымы» номинациялары үлестірілсе, байқаудың алғашқы айналымында белсенділік танытқан 5 мұғалімге Сәтбаев қаласының білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымы атынан төрайым Гүлнар Ильясова ақшалай сертификат тапсырып, ақ жарма ақ тілегін жеткізді.
Марапат төрінен табылған әріптестерімізді жеңістерімен құттықтап, Жұлдыз Молдабекқызының жұлдызы облыста да жарқырай түссін демекпіз!
-
Фотографии
-