ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Жиынға филиал мәртебесіндегі Тараз қалалық, аудандық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, құрылымдық бөлім басшылары мен құқықтық инспекторлар қатысты.
Жиынды ашқан Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жергілікті кәсіподақ филиалдарының және облыстық ұйым комитетінің Пленумын шақыру туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуын айшықтай түсетін облыстық ұйымның мерекеге арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Бұдан соң күн тәртібіне сай бірқатар аудандардың кәсіподақтық еңбек инспекторларының есебі тыңдалды.
Жуалы ауданы бойынша аймақтық инспектор Г.Орымбаеваның есебіне сүйенсек 2020 жылдың қазан айынан бастап бүгінге дейін білім беру мекемелерінде ҚР еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 26 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 98 жағдайын анықтаған. Оның 30-ы еңбек ақы төлеуде, 3-і еңбек тәртібіне, 16-ы әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарт талаптарының орындалуына, 25-і еңбек қатынастарын рәсімдеуде, 3-і жұмыс және демалыс режимі бойынша, 1-і еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мен 20-ы басқа да заң бұзушылықтар.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жасалған тоқтамдар және ұсыныстар саны - 23. Жұмыс берушілерден алынған жауаптар саны - 14. Есептік кезеңде түскен арыз-өтініштердің саны - 37. Берілген құқықтық көмек саны - 747. Есептік кезеңде кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржының нақты соммасы - 32 581 457 теңге.
Ал, Мойынқұм ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Б.Тилеужанов 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 15 еңбек заңнамасының орындалуын бақылау бойынша тексеру жүргізіп, 43 заң бұзушылық анықтаған. Оның ішінде: еңбек ақы төлеу бойынша - 2, жұмыс және демалыс уақытының режиміне қатысты - 2, еңбек қатынастарын рәсімдеуде - 12, әлеуметтік әріптестік бойынша - 14, басқа да мәселелер - 13. Аталған кезеңде түскен арыз-өтініштердің саны - 27, берілген құқықтық кеңестер саны - 835. Құқықтық инспектордың жыл басынан бері келтірген экономикалық тиімділігі - 5 172 638 теңгені құрайды.
Есептерді тыңдай келе Атқару комитеті инспекторлар сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау бойынша қызметін ескертпелер мен ұсыныстарды назарға ала отырып жалғастырсын, тиісті бағыттар бойынша жұмыстар күшейтілсін деген Қаулы қабылдады.
Алқалы жиында бұдан бөлек Кәсіподақтың Байзақ аудандық филиалындағы кәсіподақ жарналарының жиналуы мен бухгалтерлік есептің жүргізілу жағдайы туралы; Кәсіподақ Филиалдарының бастауыш ұйымдардағы кәсіподақ мүшелігінің статистикалық есебі туралы; еңбек және салалық заңнамалардағы өзгерістер мен әлеуметтік әріптестік актілерін жүзеге асыру мәселелері бойынша көшпелі оқу семинарларын өткізу туралы сұрақтар қаралды.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-