КӘСІПОДАҚТАР ЖАРЫЛЫСТАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ
Апат айтып келмейді. 2021 жылдың 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болып, жұрт дүрбелеңге түсті. Дүлей дүмпу бейқам отырған байзақтықтарды дүрліктіріп, үй-жайын тастап қашуға мәжбүр етті. Олардың қатарында біздің әріптестеріміз, білім саласының қызметкерлері де болды.
Бейбіт күнде ата-ана баладан, бала әкеден, енді бірі етжақын бауырдан, жан-жарынан айырылған сұмдық оқиға орын алды. Байзақ жұрты қиын жағдайға тап болды. Оннан астам отбасын бауырынан, перзенті және жарынан айырған жарылысқа байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланып, мемлекеттік ту төмен түсірілді.
Төтенше жағдай кезінде көп қырлы қызметінің бірі қайырымдылық болып келетін кәсіподақ ұйымдары қарап қалмады. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы бастап, салалық ұйымның еліміздің бірқатар өңірдегі мүшелік ұйымдары, Жамбыл облысындағы аудандық кәсіподақ ұйымдары әріптестерімізге қол ұшын созып, жәрдем беруді жөн көрді.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен Байзақ ауданы бойынша білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Елнұрбек Ермеков төтенше жағдай кезінде зардап шегіп, мерт болған әскери және өрт сөндіру қызметкерлерінің жақын туыстарымен кездесті. Кездесулер Байзақ ауданындағы Үшбұлақ бастауыш мектебі, Н.Ақшабаев, Бурыл, Амангелді және А.Пушкин орта мектептерінде өтті. Ал, жарылыстан жарамай қалған №5 орта мектептің уақытша Жаңатұрмыс мектебінің ғимаратында орналасуына байланысты кездесу де сонда өтті. Бүгінде Жібек жолы ауылының №5 орта мектебіне 150 орынды жаңа ғимарат салынып жатыр, білім ошағы 2022 жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
- Ағымдағы жылдың 26 тамыз күні орын алған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Біздің халық ешқашан бірін-бірі қиын кезеңде тастамаған. Осындай кезде еліміз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршіліктің, ынтымақтың үлгісін көрсетті. Еңбек адамының беделіне береке дарытып, қам көңіліне қамқоршы бола білетін қоғамдық ұйым кәсіподақ та қолдан келгенше әрекет жасап, қиналған отандастарымыз-сала өкілдеріне қол ұшын беруге ниеттендік, - деді Ерұлан Мағзымбеков кездесу барысында.
Жалпы, жарылыстан 17 адам қаза тапты, бір адам із-түзсіз жоғалып, әлі күнге дейін табылмады. Олардың ішінде бейбіт күннің батырына айналған жетеуі білім саласы қызметкерлерінің жақыны. Сондай-ақ, барлығы 176 жылжымайтын мүлік зардап шексе, оның 41-і білім беру саласы қызметкерлерінің тұрғын үйлері. Кездесу барысында барлық зардап шеккен сала өкілдеріне қаржылай көмек берілді.
«Көптің тілеуімен жағдайымыз түзеліп келе жатыр. Зардап шеккен үйлердің алды қалпына келтіріліп, кіріп те үлгердік. Алдағы күндері ұлымның көзіне күрделі ота жасату қажет. Қиын жағдайда көмек көрсеткен кәсіподақ ұйымдарына рахмет» дейді мектепте жұмыс істейтін анасы дене жарақатын алған өрт сөндіруші баласының жағдайын айтып.
Осылайша ойламаған жерде елдің еңсесін басқан, бейбіт күнде байзақтықтардың берекесін алған төтенше жағдайда зардап шеккендерге кәсіподақ қамқоршылық танытып, қол ұшын берді. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмесін деп тілейік. Елімізде тыныштық пен бейбіт өмір болғай.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-