АБЫРОЙ БИІГІНДЕ
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кәсіподақ қозғалысына қосқаны қомақты білім саласының ардагері Сәбиғазы Әзмахымұлы Жылқыбаевқа сый-құрмет көрсетілді. Биыл алпысты алқымдаған ел ағасы кеудесіне «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісін тақты.
Жиырма жыл Ұлытау ауданына қарасты білім нысандары еңбеккерлері мен ұстаздарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, мүдделерін қорғаған Сәбиғазы Әзмахымұлының білімді ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі бүгінге дейін де сан мәрте лайықты бағасын алып келді. Талай шәкіртті қанаттандырған білікті ұстаз, аудандық білім бөлімінің абыройлы әдіскері һәм әдістемелік кабинеттің мықты меңгерушісі болған ағамыздың төккен тері «Білім саласының Құрметті қызметкері» медалімен еленіп, кәсіподақтағы жемісті еңбегі «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.
Ақ жарма тілегін жеткізген Төраға Марат Қоңырбаев:
–Құрметті Сәбиғазы Әзмахымұлы, Сіз кәсіподақ жұмысын жүзеге асыру барысында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында белсенді қызмет атқардыңыз. Әлеуметтік әріптестікті жолға қоюыңыздың арқасында аудан деңгейіндегі өткір мәселелердің оң шешімін таптыңыз. Сіздің кәсіби шеберлігіңіз, еңбекке деген адалдығыңыз жолыңызды жалғаған жас буынға үлгі-өнеге, – деп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Берекесі тасыған Жылқыбаевтар әулеті көрсетілген құрмет-қошеметке разы болысып, еткен еңбектің бағасын берген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваға, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы өзі еңбек еткен Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ұжымына алғыс білдірді.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-