КӘСІПОДАҚ МӘРТЕБЕСІ
Шәкәрім атындағы университетте Кәсіподақтар күні мерекесіне орай өткен салтанатты жиын оқу орнындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мәртебесін танытты.
Алғаш сөз алған университет басшысы Бауыржан Аманкелдіұлы: «Кәсіподақ тек қана келген қонақтарға шапан жауып, гүл тасушы емес. Ол – университет қабырғасында еңбек етіп жүрген әрбір жанның мүддесі үшін жұмыс жасап отырған ұйым», - дей келе, кәсіподақтың халық пен басшылық арасын жалғайтын алтын көпір екенін, сондықтан университет басшылығы мен ұйым арасында ашықтық өте қажет екенін айтты. Осы ашықтық кәсіподақ жұмысына нәтиже береді. Себебі еңбегі мен ісі көзге көріне бермейтін ұйымның қызметін халық онша бағалай бермейтіні шындық. Содан барып ұйым мүшелігіне өту белсенділігі кейінгі кезде барлық мекемелерде төмендеп кетті. Кәсіподақ мүшесі ретінде төленетін 1%-дық жарнасы ұжымның мүддесі үшін жұмсалатынын әр қызметкер түсіну керек, сол арқылы өз жұмыс орнындағы игілікті істің басында өзі тұрғанын білуі керек. Өмірде әр түрлі жағдайлар болып жатады, мысалы бір адамның басына түскен қиындықта ұжымның қолдауына дәнекер осы кәсіподақ.
Ұйымның осындай жауапкершілігіне көз жеткенде ғана ұжымның 100% -ы бастауыш кәсіподақ ұйымына мүшелікке өтетін болады деді университет басшысы.
Салтанатты шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Семей аймақтық ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ибраев Сәбит Молдатьянұлы қатысып, республика бойынша білім саласында кәсіподақ ұйымына 800 000 астам адам мүшелікте екенін айтты. Бірақ ол көрсеткіш аталмыш сала бойынша қызмет етіп жүрген жандардың жалпы 100%-ын құрамайды. Аймақ төрағасы кәсіподақ мәртебесінің маңызына тоқтала келе университетіміздің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Солтанбекқызына алғысын білдіріп, мерекеге орай бірнеше қызметкерге бірлестік атынан берілген марапаттарды табыс етті.
Шара барысында университет басшысы білім саласында атқарған көп жылғы еңбегі мен университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан қызметкерлерді университеттің құрмет грамотасымен марапаттады.
Шара соңында ұйым мүшелігіне өтуге өтініш берген қызметкерлерге кәсіподақ билеті табыс етілді.
-
Фотографии
-