КҮШТІ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – ҚУАТТЫ КӘСІПОДАҚ!
Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ!» атты ІІ облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Форум жұмысына ұстаздар мен сала ардагерлері, кәсіподақ белсенділері мен жергілікті билік өкілдері, ЖОО-ның ректорлары қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков мерекенің маңыздылығына тоқталып, негізгі кәсіподақтық жұмыс тікелей еңбек ұжымдарында жүргізілуі тиіс екендігін айтты.
- Кәсіподақтың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында болуы тиіс. Кез келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, олардың әрбір еңбекшінің құқықтары мен мүдделерін тиімді де белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін, олардың қызмет тиімділігін арттыру мәселелері ерекше маңызды екені күн тәртібінен түспеуі тиіс, - деген Кәсіподақ төрағасы бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.
Олардың қатарында, «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» республикалық байқау-конкурсының арнайы жүлде иегері - Жамбыл облысы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы; ҚР кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» белгісімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып, саналы ғұмырын арнаған сала ардагері Ғалия Қажығалиева, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» Алтын Белгісімен марапатталған Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Ерболат Саурықов бар.
Форумда кәсіподақ күні мен ұстаздар күні кәсіби мерекелерімен іс-шара қатысушыларын «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Бейсенқұлов, Жамбыл облыстық мәслихат хатшысының м.а. Ж.Танкебаев, облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Д.Ускумбаева, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Жамангөзов, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Б.Караулов құттықтап, ұлағатты ұстаздар-бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақтың босатылған негіздегі қызметкерлерін қажырлы еңбектері мен қарапайым еңбек адамының құқығын қорғау жұмысындағы ерен еңбектерін атап өтті. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік Университетінің проректоры Б.Алигожин мен Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры Г.Құлабекова педагогтық мамандықты қалаған кешегі өзінің студенттері, бүгінде облыстың білім мекемелерінде бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздарға Алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Құттықтауға шыққан әрбір құзырлы органның жетекшілері бірлескен жемісті еңбектің нәтижесінде аймақтың білім беру мекемелерінің барлығында бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, онда ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік туралы келісімдер қабылданғандығын, бұл құжаттарға сәйкес еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, жұмыс орындарындағы еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау, еңбекті қорғау мен техника қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды шаралар атқарылып жатқандығын сөз етті.
Іс-шара соңында форум қатысушылары Қарар қабылдап, кәсіподақтар мен жұмыс берушілерге бірқатар міндеттер жүктеді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-