КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ - ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАНАШЫРЫ
«Әр кез еңбек адамының мүддесін қорғайтын беделді қоғамдық институттың араласпайтын саласы кемде-кем. Қызметкерлер өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп Елбасы сипаттама берген кәсіподақ ұйымы еңбек қарым-қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Осы мақсатта 2020 жылдың қыркүйек айында ұжымның қолдауымен Республикалық ғылыми - практикалық «Оқулық» орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайландым. 2021 жылдың мамыр айынан бастап Республикалық ғылыми - практикалық «Оқулық» орталығының атауы Республикалық ғылыми- практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы болып өзгертілді (әрі қарай- Орталық).
Осы уақыт аралығында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы мен басқарып отырған ұжымының көмегімен Орталықтың бастауыш кәсіподақ комитеті тарапынан қомақты жұмыстар атқарылды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Атқару комитеті қаулысымен Орталық қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрылымдық бөлімшесі болып қабылданды. Орталық қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымытуралы Ереже бекітілді және бастауыш кәсіподақ ұйымының құқықтары мен міндеттері, қызметінің негізгі принциптері айқындалды.
Кәсіподақ комитетінің негізгі жұмыс бағыты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен, заңдармен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен, келісімдермен көзделген тәртіппен қызметкерлердің пікірін білдіру және қорғау деп айқындалған. Сонымен бірге жұмыс берушілер мен оның өкілдерінің еңбек заңдылығын сақтауына қоғамдық бақылау жүргізу, еңбек қорғау мен қауіпсіздігі жөніндегі комиссия жұмысына қатысу, ұжым қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, демалысын ұйымдастыру, қандай да туындаған мәселелерді шешуге көмек беру болып табылды.
Пандемия жағдайында туындаған қиындықтарға қарамай, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының, тікелей Айгүл Мақсатқызының басшылығымен республика бойынша білім және ғылым қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, материалдық көмек көрсету, денсаулығын түзеу, демалысын ұйымдастыру бойынша айтулы күрделі мәселелер өз шешімін тапты . Осы бағытта Орталықтың бастауыш кәсіптік одағы атынан түскен барлық өтініштерімізді қанағаттандырып,көмегі мен ақыл кеңесін аяған емес. Орталық қызметкерлері ерен еңбектері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Орталық қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұсынысымен оқулықтар сапасын арттырудағы қосқан еңбектері үшін ҚР БҒМ Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарына және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының» наградалары мен Құрмет грамоталарына ие болды. Отбасы жағдайларына байланысты түскен өтініштер бойынша қызметкерлерге материалдық көмек берілді, емделу және сауықтыру шипажайларына жолдамалармен қамтамасыз етілді.
Орталықта әкімшілік пен кәсіподақ комитетінің бастамасы бойынша қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға арналған ұжымдық шарт жасалып, жоспар бойынша қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек ету жағдайын жақсарту шаралары іске асырылды. Жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру, оларға көмек беру жұмыстары ұйымдастырылды. Айгүл Мақсатқызы мен терең білімді де білікті ұжым мүшелерінің басшылығымен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына қарасты еліміздің барлық кәсіподақ ұйымдары өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш-қуаты әріптестеріміздің өмір сапасын арттыруға, мүддесі мен құқығын қорғауға бағытталған. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы елімізде еңбеккерлерге лайықты құрмет көрсетілетін жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға ықпал етіп, халық артқан сенімін ақтау үшін бар күш жігерін, білімін аямай еңбек сіңіруде деп сендіре аламын. Еңбектеріңізге сәттілік пен биік абырой тілеймін!
С.Қалиева,
Педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Сала қызметкерлерінің кәсіподағына
сіңірген айрықша еңбегі үшін Алтын белгісінің иегері
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Сала қызметкерлерінің кәсіподағына
сіңірген айрықша еңбегі үшін Алтын белгісінің иегері